3 Қазан 2026, 15:03 Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

AI & Digital Bridge 2026 көрмесіне 25 мыңнан астам адам келді

Көрме бағдарламасы төрт тақырыптық аймаққа бөлінді.

2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 форумына 25 мыңнан астам адам келді. Форумның іскерлік бағдарламасына 300-ден астам спикер, оның ішінде 90-нан астам шетелдік сарапшы қатысты. Сондай-ақ шамамен 60 панельдік сессия ұйымдастырылды. Көрмеде Startup Alley алаңында 90-нан астам стартап, 49 IT-компания, 50 жеке стенд пен павильон ұсынылды. Технология, инвестиция, білім беру және халықаралық ынтымақтастық салаларында 40-тан астам меморандумға қол қойылды.

Форумның екінші күні жасанды интеллект саласындағы қазіргі негізгі бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда, жасанды интеллект экономикасынан бастап технологиялар мен капитал үшін жаһандық бәсекеге, мемлекетті цифрлық трансформациялауға, инфрақұрылымды дамытуға, адами капитал мен технологиялық кәсіпкерлікке дейінгі тақырыптар талқыланды.

Бұл бағыт AI & Digital Bridge 2026 форумының «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» деген ұстанымына сәйкес келеді. Форум халықаралық сарапшыларды, технологиялық бизнесті, инвесторларды, мемлекеттік институттар мен стартаптарды Қазақстанның цифрлық экономикасы мен технологиялық экожүйесін дамыту төңірегінде біріктірді.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1-3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. 2 қазанда бағдарлама бір мезетте жеті алаңда – Eurasian Hall, Steppe Hall, Shanyraq Hall, Vision Hall, Connect Hall, VC Hall және Pitching Zone залдарында ұйымдастырылды.

Көрме бағдарламасы Robotics, Art, GameDev және Vibe Coding атты төрт тақырыптық аймаққа бөлінді. Ал Startup Alley стартаптардың өнімдері мен әзірлемелерін таныстыруға арналған жеке алаң болды.

Екінші күннің негізгі пікірталастарының бірі – The New Economy: Powered by AI сессиясы. Онда жасанды интеллектінің жаһандық экономиканы қалай өзгертіп жатқаны және өсудің жаңа үлгілерін қалыптастырып отырғаны талқыланды. Сессияға Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures төрағасы Кай-Фу Ли, Sherpa Capital компаниясының тең құрылтайшысы Шервин Пишевар және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты. Модератор қызметін Financial Times журналисі Элеанор Олкотт атқарды.

Жаһандық тақырып The New AI World Order сессиясында жалғасын тапты. Онда технологиялар мен есептеу қуатынан бастап капиталға және халықаралық ықпал орталықтарына дейін жасанды интеллектінің жаңа әлемдік архитектурасы қалай қалыптасып жатқаны сөз болды. Талқылауға Cambrian Futures компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Олаф Дж. Грот, Цинхуа университетінің профессоры Яцинь Чжан және Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Иэн Слейтер қатысты. Модератор ретінде Элеанор Олкотт сөз сөйледі.

Инвестициялық бағыт Capital for the AI Era сессиясында ұсынылды. Kraken компаниясының тең бас директоры Дэвид Рипли, Revolut компаниясының атқарушы директоры Павел Нестеров, Асель Тілеубаева және Ғазиз Сейілханов жасанды интеллект саласындағы қандай бизнестің ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыра алатынын талқылады. Пікірталастағы негізгі ойлардың бірі – инвесторлар үшін компанияның AI қолданатыны ғана емес, жұмыс істеп тұрған өнімі, жеке деректері, нақты клиенттері және шешімін ауқымды түрде дамыту мүмкіндігі барған сайын маңызды болып келеді. Модератор қызметін Елизавета Осетинская атқарды.

Адами капитал тақырыбы Who Will Power the AI Economy сессиясында жалғасты. NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Digital Cooperation Organization бас хатшысы Дима Аль-Яхья, Арменияның жоғары технологиялық өнеркәсіп министрінің орынбасары Татев Асланян және Oxford Insights негізін қалаушы Ричард Стирлинг AI экономикасында қандай дағдылар сұранысқа ие болатынын, білім беру, мемлекет пен технологиялық бизнес қалай өзара әрекеттесуі керек екенін талқылады. Модератор – Пол Ким.

Мемлекетті практикалық цифрлық трансформациялау мәселесіне «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» сессиясы арналды. Талқылауға жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев, қаржы вице-министрі Асет Тұрысов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, BCG басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков және Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қатысты. Модератор – Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арай Уразова. Пікірталаста цифрландыру стратегиясынан нақты өлшенетін нәтижелерге көшу мәселесі басты назарда болды.

Тағы бір ірі бағыт жасанды интеллект дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылымға арналды. Талқылауға Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, Kcell бас директоры Асқар Жамбакин, Tele2/Altel бас директоры Александр Бабичев, Beeline Қазақстан бас директоры Жаббор Каюмов және Freedom Telecom Holding бас директоры Қайрат Ахметов қатысты. Қатысушылар AI жүктемесінің артуы байланыс желілеріне, есептеу инфрақұрылымына және телекоммуникация нарығына қойылатын талаптарды қалай өзгертіп жатқанын сөз етті.

Форумның екінші күнгі бағдарламасында eGov 3.0, медициналық деректермен қауіпсіз алмасу, цифрлық дамуды құқықтық реттеу, AI-native қалалар, киберқауіпсіздік және GPU инфрақұрылымы негізінде AI технологияларын қауіпсіз енгізуге арналған сессиялар да өтті.

Жеке бағыттар венчурлік инвестицияларға, стартаптарға, халықаралық ауқымда дамытуға және жаңа технологиялық өнімдерге арналды.

Форумның практикалық нәтижесі ретінде жасанды интеллект, инвестициялар, білім беру, технология трансфері, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылымды дамыту салаларында 41 меморандумға қол қойылды.

Қол қойылған құжаттардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ пен Network School арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Astana Hub пен United Ventures арасындағы меморандум, BGlobal Ventures пен PanDev арасындағы инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ XAG технологияларын Қазақстанға трансферлеу, денсаулық сақтауды цифрландыру, KazHackStan өткізу және экологиялық мониторинг бағытындағы уағдаластықтар бар.

3 қазанда AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасы іскерлік және технологиялық сессиялармен, стартаптар таныстырылымдарымен, креативті индустрия бағдарламасымен және Astana Hub Battle финалымен жалғасады. Сол күні AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Astana AI Film Festival қорытынды бағдарламасы да өтеді.