3 Қазан 2026, 13:16 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы өз жұмысын қорытындылады

Форумда білім, қаржы және өнеркәсіп салаларына арналған отандық AI шешімдері таныстырылды

Премьер-министр Олжас Бектенов AI & Digital Bridge 2026 форумында ұсынылған цифрлық шешімдермен танысып, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапаттар табыстады.

Премьер-министрге түрлі салаларда қолдануға арналған отандық технологиялық компаниялар мен ұйымдардың жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелері таныстырылды.

Білім беру саласында QAIRU ЖИ университетінің оқу үдерісін бейне және аудио арқылы талдау шешімдері, AI-тьютор және білім алушылардың оқу үлгерімін талдау құралдары, сондай-ақ шағын жинақты мектептердегі әр оқушының оқу деңгейі мен қажеттілігіне бейімделетін жасанды интеллект негізіндегі онлайн оқыту жүйесі ұсынылды.

Қаржы секторында Kaspi.kz маркетплейсі экожүйесіне ықпалдастырылған Kasper интеллектуалды AI-ассистенті және Halyk Bank әзірлеген жасанды интеллект негізінде қызметкерлердің құзыреттерін дамыту моделі таныстырылды.

Қаржылық операциялардағы ауытқуларды анықтау және дропперлік әрекеттердің жолын кесу бағытында Freedom Holding компаниясының AI-Compliance платформасы ұсынылды. Өнеркәсіп саласында «Самұрық-Қазына» тобына қарасты компаниялардың жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірлеген шешімдері таныстырылды. Атап айтқанда, ҚазМұнайГаз ұсынған цифрлық телнұсқалар мен ҚТЖ компаниясының SMART-диагностика жүйесі ұсынылды. Сондай-ақ түрлі салаларға арналған Alem AI Platform, QazBot Technologies, Trusted Kazakhstan және QazEta сияқты цифрлық өнімдер көрсетілді.