AI & Digital Bridge 2026 басты стартап-сайысының финалы: Astana Hub Battle жеңімпаздары анықталды
«AI & Digital Bridge 2026» форумы демеушілік қаражат есебінен әрі серіктестердің қолдауымен өтті.
Astana Hub Battle – форумның жұрт ең асыға күтетін шараларының бірі. Ол жыл сайын түрлі елдерден технологиялық кәсіпкерлердің басын қосады. 2026 жылы байқауға қатысу үшін АҚШ, БАӘ, Түркия, Швейцария, Малайзия және өзге де елдерден 292 өтінім түсті. Бүгінде стартаптардың жасанды интеллект, медицина, білім беру, финтех және басқа да бағыттарда бәсекеге қабілетті шешімдер жасап жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар білім экономикасын қалыптастырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және инновациялық идеяларды сұранысқа ие өнімге айналдыруға көмектеседі, — деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.
Astana Hub Battle 2026 байқауының жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. Бұдан бөлек, байқау серіктестері қатысушыларға қосымша технологиялық ресурстар ұсынды. Атап айтқанда, Kazakhtelecom компаниясы 25 мың доллар көлеміндегі GPU-ресурстарын, ал Yandex Kazakhstan жобаларды одан әрі дамытып, ауқымын кеңейту үшін 10 млн теңгелік бұлттық ресурстарды табыстады.
Финалдық кезеңнің қазылар алқасы құрамына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Higgsfield AI бас директоры Алекс Машрабов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, SpaceX инвесторы әрі Sofreh Capital негізін қалаушы Шервин Пишевар және MA7 Ventures венчурлық экожүйесінің негізін қалаушы Мұрат Абдрахманов кірді.
Байқаудың жартылай финалына 50 жоба өтіп, соның ішінен 14 жоба финалға іріктеліп алынды. Олар: CYBERPACK.AI, Aman, MYupgrade, Hi Doctor, Astana Dynamics, BEST Vision, Spacelab, Welcome Video AI, NCSpeech, Pulsar AI, AuaSense, M3TRIQ, Behype және Resti.
Astana Hub Battle 2026 байқауының қорытындысы бойынша төрт стартап жеңімпаз атанып, олардың әрқайсысына 25 мың доллардан сыйақы табысталды. Атап айтқанда, CYBERPACK.AI — «Impact Maker», NCSpeech — «Market Shaper», Astana Dynamics — «Growth Engine», ал Aman жобасы «Investor’s Choice» номинациясында жеңіске жетті.
Бұдан бөлек, Aman жобасы MA7 Ventures тарапынан 200 мың доллар көлемінде қосымша грантқа ие болды. Сонымен қатар, байқау серіктестері жекелеген командаларға технологиялық ресурстар ұсынды: Pulsar AI стартапы Yandex Kazakhstan компаниясынан 10 млн теңгенің бұлттық ресурстарын алса, M3TRIQ командасына Kazakhtelecom тарапынан 25 мың долларлық GPU-ресурстары табысталды.
Командамыз үшін бұл жеңіс — шынымен де маңызды мәселені шешетін өнім жасап шығарғанымыздың айқын дәлелі. Astana Hub Battle алаңы жобамызды қалың көпшілікке таныстыруға, сарапшылардан кері байланыс алуға және оны одан әрі дамытудың жаңа мүмкіндіктерін байқауға жол ашты. Алдағы мақсатымыз — өнімнің ауқымын кеңейтіп, оны қолдану аясын арттыру, — деп атап өтті Impact Maker номинациясының жеңімпазы — CYBERPACK.AI негізін қалаушы Сабыржан Мұстафин.
«Astana Hub Battle байқауына қатысу өнімімізге жаңа қырынан қарауға, сарапшылармен және әлеуетті серіктестермен пікір алмасуға, сондай-ақ жобаны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін тереңірек ұғынуға жол ашты. Бұл жеңіс бізді бұрынғыдан да жылдам әрекет етіп, технологиямызды жетілдіруге және нарыққа жаңа шешімдер ұсынуға жігерлендіреді», — деп атап өтті Market Shaper номинациясының жеңімпазы — NCSpeech негізін қалаушы Дмитрий Санджиев.Біз үшін бұл жеңіс — жобаны дамытудағы маңызды белес. Қазір біз өсуге, жаңа клиенттер тартуға және жаңа нарықтарға шығуға басты назар аударып отырмыз. Astana Hub Battle алаңында алған мүмкіндіктер мен орнатқан байланыстар осы процесті жеделдетіп, компания ауқымын кеңейту жолында келесі қадамды жасауға көмектеседі, — деп атап өтті Growth Engine номинациясының жеңімпазы — Astana Dynamics негізін қалаушы Қанат Тәжіхан.
«Astana Hub Battle байқауы жобамызды инвесторларға таныстыруға, кәсіби тұрғыда кері байланыс алуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Стартап үшін өнімнің әлеуетіне сенетін және оны командамен бірге одан әрі дамытуға дайын серіктестер табу өте маңызды. Біз осы берілген мүмкіндіктерді жобаның одан әрі өсуіне және халықаралық нарықтарға шығуына пайдалануды көздеп отырмыз», — деп атап өтті Investor’s Choice номинациясының жеңімпазы — Aman стартапының негізін қалаушы Аружан Меде.
Astana Hub Battle байқауы MVP немесе PMF сатысындағы дайын өнімі бар стартаптарға бағытталған. 2026 жылы конкурсқа 14 елден, соның ішінде АҚШ, БАӘ, Түркия, Швейцария, Малайзия және өзге де мемлекеттерден барлығы 292 өтінім келіп түсті.
«AI & Digital Bridge 2026» форумы Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту бастамаларын тоғыстырған «AI MONTH» айлығының басты халықаралық оқиғасына айналды.
«AI & Digital Bridge 2026» форумының ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері.
«AI & Digital Bridge 2026» форумы демеушілік қаражат есебінен әрі серіктестердің қолдауымен өтті:
Алтын серіктестер: Freedom Bank, Kaspi Bank, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ;
Күміс серіктес: Halyk Bank;
Бизнес-серіктес: Beeline Қазақстан;
Қола серіктес: Yandex Qazaqstan;
Телеком-серіктес: Freedom Telecom Operations;
Технологиялық серіктес: «Транстелеком» АҚ;
Ресми әуе тасымалдаушысы (Official Airline Partner): Air Astana.