AI-дан Starlink-ке дейін: АҚШ-пен серіктестік Қазақстанға не береді?
AI технологияларынан бастап Starlink жүйесіне дейінгі бірлескен жобалар Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтып, экономиканың жаңа драйверін қалыптастыруда. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-пен серіктестік елімізге тек технология емес, білім, инвестиция және инновациялық даму мәдениетін де алып келеді.
Жақында Вашингтонда C5+1 саммитті өтті. Оның аясында ұйымдастырылған іскерлік конференцияда еліміз АҚШ-пен түрлі салада келісімдерге келді. Соның бірі – IT саладағы ынтымақтастық.
Freedom cloud Бас директоры Темірлан Зиналабдин BAQ.KZ тілшісіне Қазақстан үшін АҚШ технологиялық серіктес ретіндегі қаншалықты маңызды ел екенін айтты.
- Бүгінгі таңда АҚШ пен Қазақстан арасындағы IT саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қандай?
- Бүгінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы IT ынтымақтастығы бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Біріншіден, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеу (HPC) саласында. Мысалы, жақында АҚШ-тың NVIDIA компаниясымен бірлесіп құрылған аймақтық AI Compute Hub Қазақстандағы инженерлер мен зерттеушілерді дайындауға, цифрлық технологияларды дамытуға және Central Asia деңгейінде AI экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Екіншіден, бұл ынтымақтастық цифрлық инфрақұрылым, киберқауіпсіздік және телекоммуникация саласына да қатысты. Мысалы, Starlink технологиясы арқылы аймақтардағы тұрғындарға интернетке қол жеткізуді жеңілдетеді. Сонымен қатар, HPE, Cisco және Oracle-пен меморандумдар жасалып, ақпараттық технологиялар мен интеллектуалды шешімдерді бірлесіп енгізу қарастырылған.
Үшіншіден, білім беру және кадр дайындау бағытында әріптестік ерекше маңызды. Arizona State University, Colorado School of Mines, Coursera, OpenAI сияқты АҚШ серіктестерімен жаңа техникалық университеттер, қос дипломдық бағдарламалар, цифрлық оқу платформалары енгізілуде. Бұл қазақстандық мамандарды әлемдік стандарттар бойынша дайындауға мүмкіндік береді.
Жалпы, ынтымақтастықтың мақсаты – Қазақстанның цифрлық экожүйесін күшейту, кадрларды сапалы даярлау және жаңа технологияларды интеграциялау.
- Соңғы жылдары бұл салада қандай нақты жобалар немесе серіктестік бастамалары жүзеге асты?
- Алысқа бармай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АШҚ-қа жасаған соңғы сапарын алсақ болады. Мәселен:
AI Compute Hub: NVIDIA-пен бірлескен жоба аясында Қазақстанда зерттеу лабораториялары мен академия құрылады, инвестиция көлемі шамамен $2 млрд. Бұл жоба Қазақстанның AI технологиялары мен машиналық оқыту саласындағы жетекші позициясын нығайтады.
Starlink: Direct-to-Cell технологиясы арқылы шалғайдағы ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету.
Сонымен қатар жасалған келісімшарттардың тағы бір маңызды бөлігі білім беру саласына қатысты. Arizona State University және Colorado School of Mines-пен жаңа техникалық университеттер, екі диплом бағдарламасы, Coursera және OpenAI-пен цифрлық білім платформаларын енгізу, инновациялық оқу бағдарламаларын дамыту. Бұл тез дамып келе жатқан Жасанды интеллект саласымен қатар дамып, мықты мамандарды даярлауға көмектеседі. Сонымен қатар R&D орталықтарын ашу. Perplexity AI және басқа серіктестермен жаңа зерттеу орталықтарын ашу, әсіресе энергия және AI саласында.
Бұл жобалар тек техникалық жаңалықтармен шектелмей, Қазақстанның кадрлық әлеуетін арттыруға, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
- Қазақстан үшін АҚШ технологиялық серіктес ретіндегі қаншалықты маңызды ел?
-АҚШ – Қазақстан үшін стратегиялық технологиялық серіктес. Бұл тек инвестициялар мен жаңа технологияларға қол жеткізу емес, сонымен қатар білім беру, кадр дайындау және стандарттарды енгізу саласында да маңызды. Мысалы, Arizona State University-пен жасалған серіктестік қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді, ал NVIDIA-пен AI жобалары тек технологияны жеткізумен шектелмей, қазақстандық зерттеушілер мен инженерлерді дайындауды қамтиды.
АҚШ технологияларының көмегімен Қазақстан цифрлық трансформация мен индустриялық инновацияларды тезірек енгізіп, Central Asia аймағында технологиялық хабқа айналу мүмкіндігін алады. Бұл әсіресе геосаяси тұрақсыздық кезінде цифрлық егемендікті сақтап, тәуелсіз шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
- Қазіргі геосаяси жағдайда АҚШ-пен IT ынтымақтастығы Қазақстанның цифрлық егемендігіне қалай әсер етеді?
- Менің ойымша, бұл жағдайда керісінше Қазақстанның цифрлық егемендігін күшейтетін фактор. Біз технологияларды тек сатып алушы ретінде емес, өзіміздің кадрлық және зерттеу әлеуетін дамыту арқылы интеграциялаймыз. Мысалы, NVIDIA, HPE, Cisco сияқты компаниялармен бірлескен жобаларда тек технологияны қолдану емес, қазақстандық инженерлер мен ғалымдарды дайындау басты мақсат.
Бұл Қазақстанға өз деректерін қорғауға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және стратегиялық шешімдерді тәуелсіз қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни технологиялық егемендікке жетудегі алғышарт.
- АҚШ технологиялары Қазақстанның цифрландыру саясатына қандай үлес қосып жатыр?
-АҚШ технологиялары Қазақстанның цифрландыру саясатының бірнеше бағытында көрініс тауып отыр:
1)AI және жоғары өнімді есептеу: AI Compute Hub, зерттеу лабораториялары, академиялар арқылы цифрлық экожүйені дамыту.
2) Цифрлық инфрақұрылым: Starlink Direct-to-Cell және басқа телеком жобалары шалғайдағы аумақтарды қосады.
3) Білім беру және кадр дайындау: жаңа техникалық университеттер, қос дипломдық бағдарламалар, Coursera, OpenAI платформалары арқылы кадрларды халықаралық стандартқа сай даярлау.
4) Электрондық үкімет және төлем жүйелері: Visa-мен және ұлттық банктермен жасалған жобалар электрондық қызметтер мен киберқауіпсіздікті дамытуға бағытталған.
Барлығы Қазақстанның цифрлық стратегиясын жылдамдатуға, инновациялық экономикаға көшуге және аймақтық технологиялық лидерлікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.