Ахметов: Назарбаев әрқашан батыл бастамаларға қолдау көрсетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Онлайн-режимде өткен іс-шараға түрлі саланың 200-ден астам өкілі жиналды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ең алдымен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлемге қосқан өлшеусіз үлесін биік бағалады. 30 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылғанын жұрт жақсы біледі. Соның арқасында көптеген елдер, тіпті бұл бастамаға қарсы шыққандар да ядролық қаруды пайдаланудан бас тартты. Мен бұл бастаманы жасау қаншалықты қиын болғанына, небір кедергілер кездескеніне куә болдым. Бірақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан елді тек алға жетелеп, ірі жобалар мен батыл бастамаларға қолдау көрсетті - деп жазды облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тәуелсіздік алғалы бері аймақтың денсаулық сақтау саласы түрлі даму сатыларынан өтіп, сапалы қызмет көрсететін деңгейге жетті.
Біздің облыс бірінші болып дәрігерлерді шетел клиникаларына оқуға және біліктілігін арттыруға жібере бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінен науқастарды қабылдайтын ядролық медицина және онкология орталығы, роботохирургия орталығы, жоғары санатты оңалту орталығы, гибридтік операциялық орталық және басқа да медициналық мекемелер жұмыс істеп жатыр. Ең заманауи және технологиялық жабдықтарды сатып алып пайдаланғанның нәтижесінде күрделі дерттерді дер кезінде анықтауға және емдеуге мүмкіндік алып отырмыз - дейді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі алғашқы мемлекеттік емес университеттердің бірі – Қазақстан-Американдық еркін университеті ашылды.
Бүгінгі таңда колледждер мен жоғары оқу орындарында жаңа факультеттер ашылып, гранттар саны көбейді. Соның нәтижесінде мектеп бітірген түлектердің көрші елдердегі жоғары оқу орындарына кетуін үш есеге азайттық. Тәуелсіздігіміз қалыптасқан қиын жылдардан аман өткен аймақтың өнеркәсіп және қорғаныс кәсіпорындары бүгінде 2,4 триллион теңгенің өнімін өндіреді. Бұл саладағы өндірісіміз елімізде ғана емес, әлемдік нарықта көшбасшы орынға орныққан. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1991 жылы 27,9 миллион теңгенің ғана өнімі өндірілген - деді әкім.
Ол сонымен қатар, бірегей археологиялық олжаларымыз арқылы Шығыс Қазақстан облысын бүкіл әлем танитынын айтты.
Қыркүйек айында Кембридж музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылады. Онда ғалымдарымыз сақ қорғандарынан тапқан артефактілер ұсынылады. Тәуелсіздік алғаннан бері Шығыс Қазақстан облысында Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты қолдауының арқасында көптеген салалар көшбасшы орынға қол жеткізді және аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іргелі жобалар жүзеге асты - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.