Ахметов: Мемлекеттік тапсырысты орындамайтын емханаларға қаржы берілмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс орталығының бес, Семейдің сегіз медициналық мекемесі мемлекеттік тапсырыстың тіпті 50%-ын да орындамаған. Бұл туралы ШҚО басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

Вакциналау науқаны басталғалы бері біз Өскемен мен Семейдегі емханалардың жұмысына талдау жүргіздік. Облыс орталығының бес, Семейдің сегіз медициналық мекемесі мемлекеттік тапсырыстың тіпті 50%-ын да орындамаған. Яғни, учаскелік дәрігерлер мен осы емханалардың басшылығы халықпен дұрыс жұмыс істемейді, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді, осы мекемелерге тіркелген қала тұрғындары шақырылмайды деген сөз - деді облыс әкімі.

Вакцинация басталғаннан бері барлық медициналық мекемелер мемлекеттік тапсырысты дер кезінде және толық көлемде алды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп бұйрық дайындайды. Соған сәйкес, мемлекеттік тапсырысты орындамайтын емханаларға қаржы толық берілмейді. Сонда әділетті болады. Өйткені, қаржы басқа қажеттіліктерге емес, тек жалақы төлеуге жұмсалуы керек. Қазір 13 емхана мемлекеттік тапсырыстың 70%-ын ғана алады. Бұрын жүз пайыз алған болатын. Жұмысты дұрыс орындау керек еді. Сәрсенбіге дейін біз басқа қалалардың, содан кейін аудандардың медициналық мекемелеріне талдау жасаймыз. 1 қыркүйекте оқу жылы басталады. Біз балаларымызды, олардың ата-аналарын және мұғалімдерді вирус жұқтыру қаупінен сақтандыруымыз керек. Сондықтан емханалар халықты вакциналау жұмыстарын 100%-ға орындауы тиіс - деді Даниал Ахметов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы