Ахмет Байтұрсынұлының бейнежазбасы бар таспа мен фотосуреті елге жеткізілді

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ғалымдар Әзірбайжан архивінен Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының видеосы бар таспа мен бұрын жарияланбаған фотосуретін елге жеткізді. 

Бейнетаспада 1926 жылдың 26 ақпаны мен 5 наурызы аралығында Әзербайжан КСР-нде өткен І бүкілодақтық түркология құрылтайы (съезд) бейнеленген. 

8 минуттық видеода Ахмет Байтұрсынұлы 6 рет көрінеді. Бір қызығы съезде үш оператор жұмыс істеген. Біздің ғалымдар тауып әкелген видеодан бөлек, тағы екі аппараттың түсірген бейнежазбалары болуы мүмкін. Оны да алдағы уақытта табуды міндет етіп отыр жас ғалымдар. Ал, фотосурет Әзірбайжан мемлекеттік өнер және мәдениет мұрағатында істейтін ғалым Фархад Ағзадәнің жеке қорынан алған. 

Бірінші түркологиялық құрылтайда түсірілген суретте Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеевтер бар. 

Осы еңбектері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD Ермұхамет Маралбек пен Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері  Әрлен Сейітбатқаға алғыс айтамыз! - деп атап өтті ведомство басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы