АХАТ некенің үкімі қандай?
Отбасын құрып, шаңырақ көтеру – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалуға тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде азаматтық неке кеңінен таралған. Бұл неке ерлі-зайыптылардың ресми түрде ерлі-зайыпты деп танылып, құқықтық және әлеуметтік қорғалуы үшін қажет.
АХАТ арқылы неке қиюдың тәртібі:
1. Ер мен әйел неке тіркеуге өтініш береді (онлайн немесе оффлайн).
2. Белгіленген мерзімде неке рәсімделіп, оларға заңды түрде неке туралы куәлік беріледі.
3. Бұл неке мемлекеттік органдарда тіркелгендіктен, ерлі-зайыптылардың мүліктік, ата-ана құқықтары, алимент төлеу, мұрагерлік және ажырасу тәртібі заңмен реттеледі.
ҚМДБ не дейді?
Үйленуге ниет білдірген ер мен әйел некеге тіркеу өтінішін оффлайн немесе онлайн тапсырып, белгіленген уақытта неке куәлігін алады. Шариғи тұрғыдан неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкіні – ижаб пен қабул, яғни ер мен әйелдің өзара разылығы.
Оның шарттары қандай?
Ижаб пен қабулдың бір орында болуы;
Тараптардың бірінің сөзін екіншісі естуі;
Тараптардың сөздері бір-біріне қайшы келмеуі;
Үйленуге тыйым салынған әйелдер санатынан болмауы;
Екі куәгердің (екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел) болуы.
Сонымен қатар қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескеруі, яғни отбасын құратын қыз бала ата-анасының келісімін алуы міндетті.
АХАТ бөлімінің ер мен әйелдің өзара келісімін ғана есепке алып, неке куәлігін табыстауы шариғи некеге жатпайды. Өйткені мұнда шариғат талап еткен шарттар толық орындалмай отыр.
Салтанатты түрде неке қию рәсімін жүргізеді. Салтанатты түрде неке қию некеге тұрушылардың тілектерімен ғана орындалады. Ол некеге тұрушылардың келісімі бойынша Неке сарайында немесе АХАТ қызметкерімен некеге тұрушы тұлғалардың өзара келісімімен басқа жерде тіркеледі. Мұнда үйленетін ер мен әйелдің өзара разылығымен және екі куәгердің немесе уәкілдерінің алдында неке қиылады. Некенің шарттары орындалғандықтан некелері дұрыс саналады. Дегенмен үйленетін ерлі-зайыптыларға неке шарттарын, олардың өзара міндеттемелерін түсіндіру үшін, сондай-ақ ақ батасын беріп, неке құтпасын оқитын ҚМДБ-ның діни қызметкерінің болғаны абзал.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің үкімі қандай?
- Шариғи тұрғыдан некенің шарттары дұрыс орындалуы үшін неке қию рәсімін діни қызметкер атқаруы тиіс.
- АХАТ бөлімі ер мен әйелдің өзара келісімін ғана есепке алып, неке куәлігін табыстауы шариғи некеге жатпайды.
- Салтанатты түрде неке қию рәсімі шариғаттың шарттарына сай орындалса, неке дұрыс болып саналады.
- Неке сахих (дұрыс) болуы үшін шариғи талаптар орындалуы тиіс.