Агротур: Константиновка ауылына сапар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аталмыш турдың миссиясы – қала тұрғындары мен ауыл тұрғындарын байланыстыру арқылы агротуризмді дамыту.

11 қыркүйек күні Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы тур ұйымдастырды. Ақпараттық турдың мақсаты – Ақмола облысының Аршалы ауданындағы елді мекендердің мысалын қолдана отырып, елдегі агротуризмнің мүмкіндіктерімен танысу. Пандемия жағдайында мұндай экскурсия түрі отбасылар, халықтың экономикалық белсенді топтары немесе зейнет жасындағы туристер арасында кеңінен танылды. Аталмыш турдың миссиясы – қала тұрғындары мен ауыл тұрғындарын байланыстыру арқылы агротуризмді дамыту.

Белгіленген күні межелі жерге уақытында жету үшін екі микроавтобус толы БАҚ өкілдері таң азанмен елорда маңындағы Константиновка ауылына бет алдық. Ең алдымен, темір ұстасы Александр Князевтің ұстаханағасына соқтық. Үнемі шығармашылық даму үстінде жүретін ол бұл бағытта сегіз жылдан бері еңбектеніп келеді.




Ұсталық өнердің негізін Кузнец қаласында үйрендім. Ал, әр туындыға өрнек салуды осы ауылға келіп жетілдірдім. Біз әлемнің әр түкіпіріндегі өзге де ұсталармен тығыз байланыстамыз. Арнайы білімім жоқ, әуелде қызығушылықтан басталған әдет, қазір кәсіпке айналды, - дейді ол.



Александр бұл кәсіптің өз қызығы мен шыжығы барын айтады. Әр тапсырыс өзінше бір бөлек дүние. Тапсырыс берушінің ойынан шығу үшін әр қырынан келу керек. Ұстаның айтуынша, көбінесе дарбаза, қақпа, терезеге арналған тор, баспалдақ жиегі, түрлі мүлікке жиі тапсырыс түседі.





Ал, мына үстел-орындық әйгілі «Тақтар таласы» сериалы стилінде жасалған. Бұл туындыға ұста 4 жыл уақытын арнаған екен.






Саяхаттауды жанына жақын еткен Александр бүгінге дейін әлемнің 20 елінде болған. Алайда, туған ауылынан ешқайда кетпейтінін айтады.

Біздің ауылдың табиғаты ерекше. Асқар тауы да, ну орманы да, сайын даласы да бар. Туған топырақтан жырақта ұзақ жүре алмаймын, - дейді ұста.


Ұстаханадан шыққан соң омарта орналасқан далаға қарай бағыт алдық. Омарташы Сергей Ерафеев 21 жылдан бері бал арасы шаруашылығымен айналысып келеді. Ол үйдің маңындағы бал жинауға мүмкіндік беретін өсімдік түрлері гүлдеп болған соң, омартаны маусымның басында ауыл сыртындағы далаға орнатады.


Ауылымызда 30-ға тарта омарташы бар. Бұл кәсіпті бастаудың өз қиындығы болады. Мен 3 омартадан бастадым. Уақыт өте келе омарта санын беске, онға, отызға жеткіздім. Бірақ, қазір жасым да келді, денсаулығыма байланысты он омартамен тоқтадым, - дейді ол.





Омарташы Сергей таза балды қалай айыруға болатынын айтып берді.


Қыс мезгілінде сұйық бал алмаңыз. Себебі, ол ерітілген бал. Таза балды ажыратудың түрлі тәсілі бар. Балға йод тамызып, құрамында крахмалдың бар-жоғын анықтауға болады. Бір кесе суға балды езіп, оған йод тамызғанда, ерітінді көк түске боялса, демек, оның құрамында крахмал бар деген сөз. Сонымен қатар, бір қасық балды алып, тіліңізбен таңдайыңызды үйкелегенде балдың құрамында қант тұнбасы болса, ол бірден білінеді. Яғни, таңдайыңызда ұсақ түйіршіктер қалады. Ал, таза балда мұндай байқалмайды, - деді ол. 


Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының президенті Халида Төлегенова агротур үшін Константиновка ауылы кездейсоқ таңдалмағанын айтты.


Бұл ауыл Нұр-Сұлтан, Қарағанды сияқты ірі қалалардың дәл ортасында тұр. Табиғаты да ерекше, әрі ауылдың омарташысы да, ұстасы да, тіпті зейнет жасындағы тұрғындар да өңірдің небір қызықты жерлерімен бөлісуге дайын. Бұл ауылда түрлі этнос өкілдері тұрады. Бүгін қазақ отбасынан түскі ас ішіп, ертең украин немесе шешен отбасының дастарханынан дәм татуға болады. Бал шаруашылығы, ұсталық өнер, ірімшік қайнатудың ерекшеліктері, оның үстіне тамаша табиғатын қосыңыз, мұның бәрі кімге де болса қызық деген ойдамын. Осылайша, бұл өңірге жылына жоқ дегенде 500 мың турист алып келуге болады. Біз карантинге дейін бұл ауылға шамамен, 200 турист алып келдік. Әзірге осы бағытты насихаттап, Ақмола облысының әлі де бірнеше ауылын аралап, өзге облыстарға аттанамыз, - дейді ол.


Халида Төлегенова агротуризмді дамыту бағытында бес жылдық стратегия құрылып қойғанын жеткізді. Оның айтуынша, қауымдастық агротуризмді насихаттау жұмыстарын енді бастап жатыр. Болашақта Ақмола облысының әлі де бірнеше ауылын аралап, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарына аттанбақ.




Бес жылдық стратегия барысында ауыл тұрғындарына да келер пайда мол. Туристік компаниялар да тартылуы мүмкін, әрі қала өмірінен тыным алғысы келген адамдарға ерекше демалыс болары сөзсіз. Агротуризм арқылы белгілі бір өңірдің дамуына жол ашылады. Қазір мұндай тәжірибе шет мемлекеттерде бар. Шалғай жатқан елді мекендер осындай турлар арқылы табысын көбейтіп, кейбірі кәсібін жолға қоя алады, - деді ол.


Сапар барысында ауыл әжелерінен құрылған «Течет ручей» тобы орыс халық әндерінен әуелетіп, сырлы қасық соғу өнерінің шеберлері «Молодцы-удальцы» балалар тобы өнер көрсетті.




Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығы қала тұрғындарының өркениеттен ауылдағы өмірдің ерекшеліктерін тереңінен сезіне алуы үшін Константиновка ауылынан арнайы қонақ күту үйін ашқан. Агротуризмді тұрақты дамыту орталығының бірнеше бөлмесі, ауыл тұрғындарының қолынан шыққан заттар көрмесі, тұрмысқа қажетті керек-жарақтың бәрі бар.





Сонымен қатар, Қазақстанда тұңғыш рет қауымдастық бастамасымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырмасымен Константиновка ауылына түрлі ағаш көшеттерін отырғызуды мақсат тұтқан «Бал бақшасы» жобасы жүзеге асырылуда.



Агротур аясында әрбір қатысушы аталмыш жобаға өз үлесін қосып, алғашқы көшеттерді отырғызу арқылы бақтың негізін қалауға мүмкіндік алды. Біз BAQ.KZ ұжымы атынан түрлі көшет арасынан бөріқарақат ағашын таңдап алып отырғыздық.


«Бал бақшасы» жобасы аймақты, агротуризмді дамыту бағытында аса қажет, өйткені, бақтың эстетикалық қызметінен басқа, аралар саны мен балдың өнімділігін арттыру функциясы бар. Осы жерде уақыт өте келе аралар үшін тозаң және қорек беретін басқа да бал ағаштары, гүлдер мен шөптер отырғызылады. Бұл болашақта араларға тұтас маусым бойы жұмыс істеуі үшін жеткілікті қорек береді. Нәтижесінде, омарташыларға жаңа «өріс» іздемей-ақ, араларды бір жерде өсіріп, өнімін жинап алуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде, омарта кәсібіне басқа да тұрғындарды тартуға сеп болмақ.


Айта кету керек, агротуризмді дамыту және «Бал бақшасы» жобасын іске асыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауындағы аймақтарды, ауылдарды өркендету, ағаш отырғызу, экологияны қорғау және экологиялық білім беруді дамыту, сондай-ақ, елдегі туризмді жолға қоюдың стратегиялық бағытына қатысты тапсырмаларына сай келеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы