Агросекторды қолдау арқылы президент ұтымды қадам жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде ерекше көзге түскені – егін науқанын қолдауға байланысты қаражат бөлуі, сол қолдаудың механизмін талдап, тарқатып айтып беруі болды, дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Азамат Кеңесұлы.

Елде шығарылатын өнімнің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдері екенін тілге тиек еткен Азамат Кеңесұлы бұл салаға бөлінген қаражат өнім өндірушілерге біршама қолдау болатынын айтады.
Қалай дегенмен де, біздің ел – аграрлық мемлекет. Елдегі минералды шикізат өндірісінен кейінгі негізгі өнім – ауыл шаруашылығы өнімі, дәнді-дақылдар және мал шаруашылығы өнімі.  Президент кешегі халыққа арналған мәлімдемесінде 200 миллиардтай қаржының осы егін науқанына бөлінетінін айтты. Бұл – өте дұрыс. Себебі, қазір халықаралық сарапшылар, ғалымдар биыл пандемия салдарынан әлемдік ауыл шаруашылығының, агросектор өндірісі өнімінің нашарлауына байланысты кейбір елдерде аштық болуы мүмкін деп жатыр.  Осыны ескерер болсақ, қамбаны астыққа толтырып, артығымен жинап алудың аса маңызды екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан келгенде президент ұтымды қадам жасады, - деді ол.
Азамат Кеңесұлының айтуынша, қаражаттың агросекторға бөлінгені құптарлық іс. Себебі, бұл - дағдарыстан шығаратын батыл қадам.
Еліміздегі агроөндірістік салаға түрлі жаңа технологиялар әкелініп жатыр. Оны қарапайым шаруалардың өздігінен өндіріске енгізе қоюы қиын. Сондықтан бидай өндіруде мемлекеттің диқандарды қолдағаны өте дұрыс болды деп есептеймін. Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігіміз, азық-түлік қауіпсіздігі, келер күннің жарқын болатынының белгісі.  Бұл дағдарыстан шығаратын батыл қадам, - деді ол.
Тоқсаныншы жылдардағы ұн тапшылығын еске алған журналист бөлінген қаражат дұрыс жұмсалар болса, сол жылдардағы проблемалар қайталанбайды деген пікірде. 
Тоқсаныншы жылдары елімізде ұн өндірісінің тапшылығы болды. Ірі қалаларда нан жетіспеді. Себебі, қамбаларда астық қалмаған еді, өндіріс көлемі төмен болды. Ал, оған себеп - диқандар қажетті техникамен жабдықталған жоқ. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де жүйеленбеген болатын. Ал мына қаражат орынды жұмсалатын болса,  мұндай проблемалардың бірі де болмайды. Президент осы жағдайды әріден байқап, стратегиялық шешім қабылдап отыр, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы