Агросақтандыруға деген қызығушылық артып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын агросектордың талай субъектісі табиғи апаттан зардап шегеді. Сол себепті агросақтандыру – іс жүргізудің өркениетті, заман талабына сай әрі тиімді жүйесі. Әсіресе, еліміздің құбылмалы табиғи-климаттық жағдайында бұл ерекше маңызды.

Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы үш жылда елімізде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сақтандыруға деген қызығушылығы артып келеді: 2020 жылы 93 келісім жасалса, биыл 5 айдың ішінде 184 сақтандыру жөніндегі келісімге қол қойылды. 

2004 жылдан бері қолданыста болған сақтандыру жүесі міндетті болатын және тек егіншілікті қамтыған. 2020 жылы жүйе ерікті механизмге ауысып, агросектордың кез-келген бағытын сақтандыруға жол ашты. Қазіргі сақтандыру өнімдері өсімдік шаруашылығын жаңбыр мен қуаңшылықтан сақтандырумен қатар ірі қара, жылқы, қой, құстарды да сақтандыруды қамтиды. 

Мемлекет тарапынан сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түрінде қолдау беріледі, бұл шаруаның шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Сақтандыру келісімі бағасының 50 %-ын шаруа төлесе, 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл мақсатта екі жылдың ішінде 3,5 млрд теңге бөлінді. 

Еліміздегі агросақтандыру жүйесіне әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылып отыр. Олар отандық компаниялар өзіне алған тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілдендірілген төлемді қамтамасыз етеді. 

2021 жылдың желтоқсан айынан бастап агросақтандыру операторы - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясы болып бекітілді. 

Жыл санап агросақтандыруға деген қызығушылық артып келеді. 2020-2021 жылдары 254 келісім-шарт жасалып, 265,7 мыңнан астам гектар алқап, 2,6 млн түлік (оның ішінде – ірі қара, ұсақ мал, жылқы және құстар) сақтандырылған. Биылғы 5 айда 184 келісім жасалып, 308 мың га алқап пен 60 мыңнан астам түлік сақтандырылды. 

2020-21 жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандыру келісімдерін жасауға 350 млн теңге жұмсаған. Бұған мемлекеттік субсидиялау ретінде 350 млн теңге қосылды. Сөйтіп сақтандыру жағдайы туындаған кездегі шаруаларға төленген қаржы көлемі 1 млрд 333 млн теңгеге жетті. 

Биылғы 5 айда төленген субсидия көлемі 500 млрд теңгеден асып отыр. Мейлінше автоматтандырылған жүйеде ешқайда барудың қажеті жоқ, электронды цифрлы қолтаңбамен www.qoldau.kz платформасы арқылы сақтандыру үшін шарт жасасуға болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы