Агроөнеркәсіп кешенінде 500 мыңнан астам әйел жұмыс істейді – АШМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
Мерекелеріңізбен, ардақты арулар!
Еліміздегі 500 мыңнан астам әйел халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының ең маңызды және күрделі салаларының бірі. Бүгінде республиканың агроөнеркәсіп кешенінде 500 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Олар ер-азаматтармен тең дәрежеде жер өңдейді, мал өсіреді, аграрлық ғылыммен, ауылшаруашылық шикізатын өңдеумен және тамақ өндірумен айналысады.
Көктемнің осы бір шуақты мерекесінде аруларымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын, маңызды рөл атқаратынын айрықша атап өткім келеді.
Құрметті арулар, сіздерді 8-наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Отбасыларыңыз аман, еңбектеріңіз жемісті болсын!, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.