Аграрлық өңір ретінде өз мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз қажет – Өмірзақ Шөкеев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Шардара ауданына барды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Онда аймақ басшысы ең алдымен Жаушықұм ауыл округіндегі «Тұрар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2012 жылы жұмысын бастаған қожалық бүгінде 95 гектар жерді игеріп, пияз (35га), мақта (45 га), бақша (20 га) дақылдарын егумен айналысады. Серіктестікте 20 адам жұмыспен қамтылған.
Шаруа қожалығының жұмысымен танысқан облыс әкімі өнім көлемін арттыруда жаңа технологиялардың жетістігін баяндады.
«Егін шаруашылығында өнімді арттырудың бірден бір тәсілі – тамшылатып суғару технологиясын пайдалану. Суды да үнемдеу арқылы мол өнім алуға болады. Сондай-ақ, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооперативтендіру қолға алу керек. Бұл ең алдымен шаруалар үшін тиімді. Сонымен қатар, игерілмей жатқан жерлер қатаң бақылауда болуы тиіс. Аграрлық өңір ретінде өз мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз қажет», - деді Өмірзақ Естайұлы.
Сапар аясында облыс әкімі Шардара қаласындағы №4 мөлтек ауданының инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету жұмысымен танысты. Бұдан өзге, «Шардара су электр стансасының» АҚ қайта жаңғырту жұмыстарын бақылады. 1968 жылы іске қосылған станса 1998 жылы «Шардара ГЭС» АҚ болып қайта құрылған. Қазіргі таңда онда 160-қа жуық жұмыс істейді. Бүгінде станса 50 мВт қуат көзін өндіріп келсе, қайта жаңғыртудан кейін 1 агрегаттың қосылу есебінен 57 мВт қуат көзін өндіруде. Барлық 4 агрегат қосылса, электр қуатын өндіру 126 мВт-қа артатын болады.
Бұдан кейін аймақ басшысы Шардара су қоймасы бөгетінде Сүткент ауылындағы Сырдария өзенінің арна бағыттау бөгетінің жұмысымен танысты. Бөгеттің көлемі – 5200 млн м3. Су өткізу мүмкіндігі – 200 м3/секунд. Су қоймасының пайдалану мақсаты – ирригация, энергетика және Сырдария өзенінің орта ағысындағы су тасқындарын алдын алу.
Сондай-ақ, Өмірзақ Шөкеев аудандағы "Хамит" ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытына аялдады. 2007 жылы құрылған өндіріс орны бүгінде 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауытқа қажетті шикізат Шардара су қоймасынан, Атырау мен Аралдан тасымалданып, қайта өңделуде. Шығарылатын өнім экспортқа Еуропа елдеріне бағытталған. Жылына 2500 тонна балық өнімдерін өндіреді.
Сапарда өңір басшысы Шардара қаласында туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ туризмін дамытуда туристерді қажетті демалыс аймақтарын көбейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыру қажеттігін тапсырды.