Аграрлық бизнес ашқысы келетіндер жерді латифундистерден емес, мемлекеттен алу қажет - Күрішбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында айтты.

Отырыс барысында сенатор жерді сатқаннан көрі, оны жалға берген тиімді екенін атап өтті.

Егер жерді жалға беру механизмы аграрлық өндіріске тиімді болмаса, қазір фермерлердің көбі жерді сату керек деп талап қоятын еді. Менің ойымша, біздің комиссия бұрыннан шешімін таппай келе жатқан өте маңызды мәселені шешті. Ауылшаруашылығы жерлерін үшінші тұлғаларға мемлекеттен сатып алусыз жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл жерді мемлекеттің меншігінде қалдыра отырып, нарықтық айналымға қосуға, банктерге оны жалға алу құқығын кепілдікке қоюға мүмкіндік береді,-деді ол.

Сонымен қатар ол агралық салаға инвестиция тарту мәселесін көтерді.

Мен бірінші отырыста айтқанмын, шетелдік инвестиция тарту үшін ең негізгі шарт - ауылшаруашылық өндірісінің тұрақты және жоғары рентабелді болуы. Ол үшін біздің аграрлық саламыздың мемлекеттік қолдау жүйесі дамыған елдердегі сияқты тиімді болуы керек. Ал ауылшаруашылығы жерлерін сатудан түскен инвестицияға келетін болсақ, жоғарыда айтқан 13 жылда Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеу институтының мәліметі бойынша, сол жерлерді сатудан қазынаға 40 миллиард теңгеге жуық қаражат түсіпті. Менің ойымша бұл қоғамды соншалықты дүрліктіретін қаржы емес,-деді Күрішбаев.

Сонымен қатар ол жерді сатқан өзге елдердің тәжірибесінен сабақ алу қажеттігін айтты. Оларда жерді кезінде сатып алған тұлғалар, меншіктегі жерін өздері игермей тек жалға беріп отыр екен. Айналып келгенде бұл ауылшаруашылығы өнімдерінің өзіндік бағасының көтерілуіне, ауылдық аймақтарда әлеуметтік мәселелерді, жұмыссыздық сияқты мәселені тударады.

Мұндай мемлекеттерде жер қатынастарында рантье пайда болады. Біз осындай мәселердің алдын алу керекпіз. Егер болашағымызды ойлайтын болсақ, біздің ұрпағымызға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы өте маңызды. Яғни олар өзінің аграрлық бизнесін ашу үшін, жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет,-деді сенатор.

Сөз соңында ол ауылшаруашылық жерінің меншігі туралы сұрақ қазір бүкіл қоғамды толғандырып отырғанын айта келе, бұл мәселеде халықтың ойынан шығытын шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы