Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жүрген агенттік қызметкерлерінің 86% жұмыс орындарын сақтап қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жаңа өзгерістерден кейін кадрлық тағайындаулар болған. Агенттік қызметкерлерінің 86%-ы өз жұмыс орындарын сақтап қалған. Бұл туралы агенттіктің кадрлар бөлімінің бастығы Нұрлан Жақсымбетов айтты.

Маусым айында мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін екі ведомствоға бөлген болатын.

Трансформациядан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің штаттық саны 1688 бірлікті құрап отыр.

«Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кадрларды тағайындаудың бірінші кезеңін аяқтады. Қызметкерлердің 73%-ы тағайындалып үлгерді. Екіге бөлінгеннен кейін біздің агенттіктің штаттық саны 1688 бірлікті құрайды, оның ішінде 306 адам орталық аппаратта, 1382 адам аумақтық бөлімшелерде қызмет етеді», - Нұрлан Жақсымбетов

Оның айтуынша, қызметкерлерді қайта тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде бірқатар фактор ескерілген.

«Қызметкерлердің басым көпшілігі өз қызметтерін сақтап қалды (86%). 100-ден астам адам жоғары лауазымдарға көтерілді, бұл біздің меритократия қағидатын ұстанатындығымыздың айғағы. 32 адам өз өтініштері бойынша жұмыстан босатылды», - деді кадр бөлімінің бастығы.

Ол әр адамға біліктілігіне сәйкес лауазымдар ұсынылғанын атап өтті.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінен агенттікке 12 қызметкер, прокуратурадан 9 қызметкер, экономикалық тергеу қызметінен 11 қызметкер және азаматтық сектордан 7 қызметкер келген. Тағы бесеуінің президент әкімшілігінде еңбек еткен тәжірибесі бар екен.

«Қазіргі уақытта агенттікте шетелдік жоғары оқу орындарының 16 түлегі жұмыс істейді. Олардың алтауы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген. Іріктеу барысында біз тек шетелдік дипломдарға ғана назар аудармадық. Қазақстандағы нарықта бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды дайындайтын, мемлекеттік сектордағы жұмыс жағдайларына тез бейімделетін беделді жоғары оқу орындарының да түлектері болды», - деді Жақсымбетов.

Сонымен қатар, ол 17 жаңа әкімшілік лауазымға орналасу конкурсының нәтижелерін жариялады.

«Заңға сәйкес мемлекеттік қызметкерлер арасында конкурстың бірінші кезеңі аяқталды. Бізге 174 өтініш түсті, яғни бір бос орынға 10 адам келді. Нәтижесінде 10 адам жұмысқа қабылданды», - деді Жақсымбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы