Ағайынды Сабырхандарға құрмет көрсетілді

Шымкент халықаралық әуежайында Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары Махмұд пен Төрехан Сабырханды туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шымкентке оралған әлем чемпиондарын қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дарменов, қалалық бокс федерациясының вице-президенті Қанат Орақбаев, сондай-ақ туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды.

2023 жылы Ташкент төрінде чемпион атанған Махмұд Сабырхан бұл жолы да алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал Төрехан Сабырхан алғаш рет жеңімпаз атанып, қазақтың тәуелсіз тарихында 19 жасында әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы ретінде есімін жазды. Ағайынды Сабырхандардың бапкері Ілияс Оралбековке де құрмет көрсетілді.

Алдағы уақытта боксшыларымызды әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты және 2026 жылы Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары секілді ірі жарыстар күтіп тұр. Сондай-ақ, кейінгі кезекті әлем чемпионатын 2027 жылы Қазақстан қабылдайды.

Айта кетейік, World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы зор жетістікке жетті. Ливерпуль төрінде отандастарымыз 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 1-орынға шықты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы