Гаджетсіз бір күн. Бүлдіршіндер ағаш өңдеу кәсібін меңгерді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда металл мен ағаштан бұйымдар жасаумен айналысатын жергілікті компаниялардың бірінің басшысы балаларды еңбекке баулу мақсатында ерекше шара ұйымдастырды.

Бұл қала орталығындағы Ретро саябақта өтті. Мақсат - ағаш өңдеу кәсібін насихаттау. Кішкентай бүлдіршіндердің ептілігі мен ой-өрісі сыналған сайысқа келгендердің бірі - Аслан Эмар. 


Айтуынша, мұндай шаралар өзі сияқты қатарластарын бір сәт гаджеттен бас көтеріп, қол еңбегімен айналысуға мүмкіндік береді.

Мына сайыс маған қатты ұнады. Смартфон-гаджетті ұмытып, өзімізге ұнайтын нәрсемен айналыстық. Әншейінде бізді көшеге шығара алмайтын әке-шешеміз де, ата-әжеміз де мәз. Ағаштан түрлі бұйым жасап шығардық, өзім қатысқаныма қуанып тұрмын, - дейді шараға қатысушы оқушы Аслан Эмар.
Шараға қатысқан 7-10 жас аралығындағы 20 шақты бала ағаштан себет, құстың ұясын, автомобиль моделін жасады. 


Ұйымдастырушылардың сөзінше, құрастыру процесі балалардың ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.

Мұндай шараны алғаш рет ұйымдастырып жатырмыз. Балалардың жастары кіші болғандықтан құрастыратын бұйымдар әкелдік. Бұл жеткіншектердің ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Мұндай шара өткізудегі мақсатымыз балалардың қызығушылығын арттыру, - дейді ұйымдастырушы Бейбіт Құралов.


Шара аясында келушілерге арналып ағаш бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Ал, үздік деп танылған кішкентай шеберлерге арнайы медаль және естелік сыйлықтар табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы