Аға лейтенант: Біздің бірінші міндетіміз – адам өмірін сақтап қалу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азат Зейноловтың ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне 7 жылдың көлемі болды. Қызмет барысында өз өміріне қауіп төнсе де, бірнеше рет адам өмірін сақтап қалған.
29 жастағы Азат Зейнолов 1991 жылы СҚО Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбраев ауылында дүниеге келген. Отбасының кенжесі бала кезінен әскери қызметте болуды армандаған. 2008 жылы М. Ахметбеков атындағы орта мектебін тәмамдап, сол жылы Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетіне заңгер мамандығына оқуға түседі. 2012 жылы жоғарғы оқу орнын бітіре сала әскерге шақырту алады. Жамбыл облысы Қордай ауданыда бір жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеп, бірден жол патрульдік полициясы қызметіне кіреді.
Сол кезден бастап, Азаттың полиция қызметіндегі жұмысы басталып кетеді. 2014 жылы Ғ.Мүсірепов ауданындағы облыстық батальонда қызмет атқарады. Үш жылдан соң Петропавл қаласының батальонына ауысады. Ол жерде взвод командирінің орынбасары қызметін атқарады. Қазіргі уақытта СҚО ПД Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты болып жұмыс істейді.
Қазіргі таңда үйленген, бір қыз бен ұлды тәрбиелеп отырған ардақты әке.
2019 жылдың тамыз айында Азат Зейнолов өзінің бірнеше қызметтесімен Интернациональная көшесінде көлікжай жертөлесінде сыр иісінен уланғандарды құтқарған. Азат Зейнолов жертөлеге түсіп, ер адамдарды жіпке байлап, жоғары жіберіп отырған. Өміріне қауіп төнсе де, барлығын жоғары алып шыққан. Кейін белгілі болғандай, ер адамдар көлікжайдың ішіндегі жертөлені сырлап жатып, иісіне тұншыққан. Құтқарылған ер адамның біреуі жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Екінші адам аман қалған.
Басымыздан көп жағдайлар өтеді. Әсіресе, өрт болған кездер жиі кездеседі. Былтырғы жылы көктемде бір әйел адам мен екі баласын өртке оранған үйден алып шығып, ажал аузынан құтқарып қалған кезіміз болды. Жол көлік апаттары кезінде көлік ішінде қысылып қалған адамдарды шығарған болатынбыз. Сонымен қатар, қалада ұрлық, тонаулар көп болады. Сондай жағдайларда қызмет бабымызға байланысты ұрыларды ұстаймыз, - деді аға лейтенант.
Тағы бір елең еткізетін оқиғалардың бірі жексенбі күні орын алған. Полиция кіші лейтенанты Бауыржан Жаров пен полиция аға лейтенанты Азат Зейнолов мінген "Сұңқар 351" автопатруліне ЖБО кезекшісінен Есіл өзеніндегі көпірдің бойында ер адам қоршау сыртына шыққан адамды ұстап тұрғаны жайлы хабарлама түседі. Көпірге жедел жеткен полицейлер шын мәнінде қоршаудың сыртына шыққан ер адамды жол-жөнекей өтіп бара жатқан Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі ұстап тұрғанын байқайды. Азат қоршаудың арғы бетіне түсіп, бір қолымен көпірдің жақтауынан ұстап, екінші қолымен секірмекші болған адамның аяғынан ұстап тұрады, ал Бауыржан мен көмекке келген адам оны көпірдің екінші жағына тартып алады.
Ойланып тұруға уақыт болмады. Құтқару операциясы санаулы минуттардың ішінде өтті. Көмектескен жігіттің атын сұрап қана үлгердім, ұмытпасам оның есімі Александр. Сол қарбалас сәтте оның қолын алып, алғыс айтып та үлгермедік. Нағыз азамат. Ол секіруге жол бермеумен қатар, оны әңгімеге тартып, көңілін аулап, құтқаруға көмектесті, - деді құтқарушылар.Патрульдік машинада ер адам өзінің қылығы жайлы полиция қызметкерлерімен бөліспеген. Олар мәселені осындай жолмен шешуіне ішімдік себепші болуы мүмкін дейді. 52 жастағы қалалық тұрғын масаң күйде болған. Патрульдік полицейлер ер адамды тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция пунктіне жеткізген.
Біз үшін бұл күнделікті жұмыс барысы. Адамдар күйзеліске бой алдырмай, бір-біріне қол ұшын созып, проблемаларымен бөлісу қажет деп ойлаймын. Ересек адамдар жақындарына ауыр тиетін әрекет жасамауы тиіс. Біз кей кездері адамдармен байыпты сөйлесіп, жігерлендіріп, өз-өздеріне деген сенімділік ұялататын жағдайларға куә боламыз, - деді Азат Зейнолов.
Сонымен қатар, Азат Зейнолов төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, қызметтері күшейіп, жол қиылыстарында кезекшілікте тұратындарын айтты.
Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қызметіміз күшейе түсті. Бізді көше қиылыстарына көліктердің жүріп-тұруын тоқтату үшін күзетшілікке қойды. Оған қоса, ауладағы адамдардың үйден шықпауын бақылап жүрдік. Әрине, карантинді бұзған тұрғындар болды. Көп болды деп айта аламын. Көшеде немесе аулада жүрген адамдарды көрсек, бірден жақын маңдағы патрульдік бекетке апарып, карантин режимін бұзғаны үшін хаттама толтырып отырдық, - деді Азат Зейнолов.
Сонымен бірге, ол қызмет барысында бірнеше грамота мен алғыс хат алғандығын айтты.
Облыстық және қалалық бірнеше грамота мен алғыс хат иегерімін. Облыстық ІІД басшысының дипломымен марапатталдым. Әр мереке сайын еңбегімізді бағалап жататыны бізді қуантады. Біз әрқашан да адам өмірін сақтауға, қала өміріндегі тәртіпсіздікті жоюға атсалысамыз. Ол біздің міндетіміз деп білемін, - деді аға инспектор.