Африканы қар басып, күн суытты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен түні Оңтүстік Африка Республикасының орталық бөлігінде рекордтық ең төменгі ауа температурасы тіркелді. Қазір республикада қыс мезгілі.
Бұл туралы Оңтүстік Африка Республикасының метеостанциясына сілтеме жасай отырып SABC радиостанциясы хабарлады.
24 шілдеге қараған түні елдің 19 ауданында тарихта болмаған ең төменгі ауа температурасы тіркелді. Мәселен Кимберли қаласында және оған көршілес жатқан аудандарда Цельсий бойынша -9,9 градус аяз болды. Бұндай аязды күндер метеорологиялық бақылаулары басталған кезеңнен бері болмаған.
Йоханнесбургте ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендеді. Алдыңғы рекорд - -6,3 градус ауа температурасы қалада 1995 жылы 19 шілдеде тіркелген.
Бұдан бөлек Оңтүстік Африка Республикасының түрлі бөліктерінде қар жауды. Кейбір елді мекендерде балалар мен жасөспірімдер алғаш рет қарды көру мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ мұз қату салдарына көптеген автокөлік жолына шектеу қойылды.
Белгілі болғандай, Африкаға аяздар Антарктика жақтан келген.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағындағы суық ауа райы тағы да бір аптаға жалғасады деп отыр.