Африкадан келген студенттер. Қазақ тілін меңгерген пәкістандық
Ертіс өңірінде алыс-жақын шетелден келген студенттердің шаңырағына айналған орын бар. Торайғыров университетінің жанындағы Foundation факультеті он жыл ішінде жүзі басқа, тілегі бір жүздеген жас азаматқа білім беріп, көпұлтты еліміздің мәдени құндылықтарын сіңіре білді. Еліміздегі бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының моделіне айналған факультет деканы Сәуле Ксембаевамен сұхбаттасуды жөн санадық.
- Сәуле Камалитденқызы, факультет тарихы қалай басталды?
– Алдымен салалық министрліктің бұйрығымен университетте дайындық бөлімі ашылды. Сол сәтте Павлодар қаласына бірінші болып этникалық қазақтарымыз келді. Алғашқы жылы елуден астам баланы қабылдадық. Қазіргі уақытта дайындық бөлімінде ұлты қазақ шетел азаматтары да оқиды. Өткенге көз жүгіртсек, он жыл ішінде 1,5 мыңнан астам шетелдік азаматты оқытып, кейін білім алуды жалғастыруларына сеп болдық. Оқытып қана қоймай, әлеуметтік ортаға бейімдеп, психологиялық дайындықтан өткіздік. Бастапқыда «Қазақстан өмір сүруіне бейімделсін» деген мақсат болды. Және де оқитын қандастар «Қазақстанда қалсын» деген мақсатпен ісімізді атқарып келеміз. Қазіргі кезде көбінесе Моңғолия елінен, Қытай елінен, Ауғанстан, Өзбекстан елінің азаматтары білім алуда. Сонымен қатар, Нигерияның тыңдаушылары да бар. Түлектеріміздің 70-80%-ы жыл сайын мемлекеттік грантқа ие болады.
- Сайып келгенде, оқытушылар білім берумен қатар, баршамызға ортақ адамгершілік құндылықтарды да дәріптейді ғой?
- Иә, дұрыс айтасыз. Біз студенттерді оқытумен қатар, тәрбие және бейімдеу үрдістері қатар жүреді. Өйткені, шетелден келген жастар жаңа мәдени ортаға тап болады. Ал біздің мақсат – оларды бейімдеу. Өңір халқының мінезі, қазақ тілі, дәстүрлер мен салттардың барлығы олар үшін жат дүние ғой. Сондықтан, білім берумен шектелмейміз. Олардың ортамызға жатсынбауын қамтамасыз етуіміз керек. Осыған орай білім беру бағдарламамызға өзгертулер мен жаңа пәндерді енгіземіз. Университеттен тыс жұмыстарды атқарамыз. Бұл ұлттық бірегейлігімізді, қазақ мәдениетін мәдениетін көрсетеді. Әрине, бұл жолға бірден түскен жоқпыз. Бұған дейін өзге университеттермен тәжірибе алмасып, зерттеулер жүргіздік. Рухани құндылықтармен бөлісу де басты мақсаттырымыздың қатарында.
- Білуімше, алыстан білім қуып келген жастар бастапқыда не қазақ, не орыс тілдерін білмейді. Бұл қарым-қатынас кедергісін жою бойынша қандай жұмыс атқарылады?
- Иә, ондаған өзге мемлекеттен келген мектеп түлектері алдымен бір жыл бойы тілдік дайындықтан өтеді. Қазақ және орыс тілдерін арнайы әдістеме арқылы үйретеміз. Шет ел азаматтарына арналған кітаптар да бар. Бірақ, бұл тұрғыда тәжірибеге баса назар аударамыз. Ол үшін еріктілерді жұмылдырдық. Олар шет ел азаматтарымен емін-еркін араласып, әңгімелеседі. Осылайша, тілдік ортаға біртіндеп бейімделеді. Жақында қос тілді меңгеруге көмектесетін сөйлесу клубы ашылды. Бағдарлама аясында түрлі сайыстар ұйымдастырылады.
- Факультеттің он жылдық тарихы бар. Осы уақыт аралығында қазақ дәстүрлерін паш ететін, көпұлтты еліміздің құндылықтарын айқындайтын игі дәстүрлер қалыптасқан болар?
- Әрине, қалыптасып үлгерді. Атап айқтанда, студенттер келгенде «Тыңдаушыларды қабылдау» рәсімін өткіземіз. Туған елдерінен жырақ жүрген балаларға пана болып, ортамызға бейімделуіне көмектесеміз. Мәдение шараларды ұйымдастыру бойынша «Атамекен» және «Мұрагер» ұйымдарын да аштық. Дегенмен, ең керемет дәстүрлер – ол ұлты басқа азаматтарды бір арнаға тоғыстыратын мерекелеріміз. Шетелдік студенттер Наурыз, Конституция, Бірлік күні мерекелерін мерекелеге атсалысады. Себебі, рухани тұрғыдан маңызы жоғары мейрамдар баршамызды тату болуға шақырады. Әз Наурыз мерекесінде жастар қымыз ішіп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татады. Осылайша, бірлігі жарасқан факультет болып, татулығымызды барша жұртқа паш етеміз. Мерекелерден бөлек спорттық, экологиялық шараларға мән береміз. Өңіріміздің сұлу табиғатын көрсету үшін саяхат жасауғы шығамыз. Деніміз сау болсын деп спорттық сайыстар өткіземіз.
- Алыстан келген студенттердің ішінде Нигерия азаматтары бар екен. Қытай, Моңғолиялық жастар да жетерлік. Ал оқуға түсіп, кейін Қазақстанда қалғысы келгенден бар ма?
- Иә, әрине. Әсіресе, көрші елдерден келген қандастарымыз тез бейімделеді. Қазақша білім алып, осында қалғылары келеді. Арасында қазақ филологиясын зерттеуге кіріскен студенттер де бар. Мәселен, Пәкістаннан ат терлетіп келген екі азамат қазақша сайрап жүр. Қос азамат қазақ тілінде екі айдан кейін сөйлей бастады. Олардың бірі қазақ филологиясы мамандығын таңдап, магистратураға түсті. Нигериялық жастар алдымен оры тілін меңгереді. Бірақ, арасында қазақ тіліне қызығушылық танытып жүргендері баршылық.
- Шетелдік студенттер университетке алғаш келгенде әдетте қандай пікір білдіріп жатады?
- Әрине, Африкадан келгендері суық климатымызға біраз уақыт бейімделеді. Қандастарымыздың арасында бұл процесс әлдеқайда тіз өтеді. Тіліміз бір, ұлтымыз бір дегендей. Жалпы, барлығы Қазақ еліне құрметпен қарайды. Жүздеген ұлты өкілінің тату өмір сүріп жатқанын көріп, таң қалады. Біздің дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызға құрметтерін көрсетіп жатады. Біздің мақсат та сол – оларға сапалы білім берумен қатар, руханиятымызды да бойларына сіңіру.