Африкада Наурыз мерекесі тойланды
Африка одағының астанасында Наурыз мерекесі Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінің жанындағы «Абай» мәдени орталығында атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көктем мен табиғаттың оянуы мерекесі – Наурыз мейрамы Эфиопиядағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда Сыртқы істер министрлігі, Парламент, саяси партиялар, сауда палатасы, дипломатиялық корпус, Қазақстан достары клубының өкілдерін, бірқатар эфиопиялық басылымдардың журналистерін біріктірді. Сондай-ақ, іс-шараға БҰҰ жүйесінің ұйымдарында, Эфиопиядағы түрлі гуманитарлық пен коммерциялық қоғамдастықтарында жұмыс істейтін қырғыз, тәжік, өзбек, әзербайжан диаспораларының өкілдері қатысты.
Мереке барысында қатысушылар бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, жылы тілектер тіледі. Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов өзінің құттықтауында Қазақстандағы Наурызды тойлаудың ежелгі дәстүрлері туралы айтып, БҰҰ 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп танығанын, ал ЮНЕСКО оны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне енгізгенін еске салды.
Эфиопия СІМ-нің Қоғамдық дипломатия департаментінің Бас директоры Дина Мүфти қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Наурыз – көктемнің келу, табиғаттың жаңаруы мен жаңа бастамалардың мерекесі. Оның дәстүрлері бейбітшілік, бірлік, мейірімділік пен келісім мұраттарын насихаттайтын ежелгі және алуан түрлі мәдени әдет-ғұрыптарды көрсетеді, – деп атап өтті ол.
«Абай» мәдени орталығының өкілдері Орталық Азия елдерінің және Әзербайжан диаспораларымен бірлесіп, біздің өңір халықтарының салт-дәстүрлерін көрсететін концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Қатысушылар дәстүрлі әндер мен билерді қуана қарсы алды. «Қамажай» және «Қара жорға» қазақ халық билері ұсынылды, «Абай» мәдени орталығының жетекшісі Сәуле Дүйсенова «Агугай» әнін орындап, тамаша вокал көрсетті.
Эфиопия Қазақстан тәрізді көпмәдениетті, көпэтникалық және мультиконфессиялы ел болып табылады. Ғасырлар бойы Эфиопия Ибраһимдік үш дінінің бейбіт қатар өмір сүруінің ерекше орны болды. Эфиопияда біздің заманымыздың VII ғасырында салынған және Мұхамед пайғамбардың серіктері жерленген әлемдегі барлық мұсылмандар құрметтейтін Африкадағы ең көне мешіттің бірі орналасқан. «Мәдени әртүрліліктегі бірлік» және «мәдени алмасу» қағидаттарын көтермелейтін Қазақстан мен Эфиопияның саясатын назарға ала отырып, Африканың дипломатиялық астанасында өткен Наурыз мерекесінде Эфиопия халықтарының дәстүрлі әндері, киімдері мен билері де көрсетілді.
Наурыз мерекесінде ұлттық ойындар, жарыстар және байқаулар да болды. Біздің елдеріміз арасындағы географиялық қашықтыққа қарамастан, қатысушылар Қазақстан мен Эфиопияның мәдениетте, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда көптеген ұқсастықтар бар екеніне көз жеткізе алды. Наурыз мерекесі бағдарламасына енген ежелгі үстел ойындары «Тоғыз құмалақ» және эфиопиялық «Гебета» («Манкала»), сондай-ақ арқан тарту біздің мәдени ұқсастығымыздың аз ғана бөлігі болып табылады.
Дәстүр бойынша қатысушыларға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің дәстүрлі тағамдарынан бай дастархан жайылды.
Мерекелік көңіл-күйді ұлттық сәндік элементтермен және киімдермен әшекейленген қазақ киіз үйі толықтырды. Киіз үй Қазақстанның Африкалық достары үшін тартымды орынға және Африкадағы дәстүрлі қазақ қонақжайлылығының символына айналды.