20 Қазан 2026, 12:39 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Африкада ауыр инфекция тудыратын қауіпті саңырауқұлақ анықталды

Ғалымдар оның төрт түрлі дәріге емдеуді қиындатуы мүмкін екенін ескертеді.

Кенияда ғалымдар саңырауқұлаққа қарсы қолданылатын дәрілердің негізгі төрт тобына да төзімді Candidozyma auris саңырауқұлағының сирек штамын анықтады. Мұндай жағдай әлемде екінші рет тіркеліп отыр.

Ғылыми зерттеу нәтижелері Nature басылымында жарияланды.

Қауіпті саңырауқұлақ Найроби қаласындағы ауруханада ем қабылдаған 28 жастағы әйелден табылған. Науқас операциядан кейін жарасына инфекция жұқтырып алған.

Генетикалық талдау саңырауқұлақтың Кения аумағында бұрыннан таралған генетикалық тармаққа жататынын көрсетті. Сонымен қатар зерттеушілер оның дәрілік препараттарға төзімді болуына ықпал етуі мүмкін бірқатар мутацияны анықтаған.

Африка құрлығында мұндай төзімді штамм алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Нью-Йоркте анықталған. Ол кезде саңырауқұлақ науқас ауруханада жатқан уақытта дәрілерге төзімділік қалыптастырған.

Бұл саңырауқұлақ несімен қауіпті?

Candidozyma auris – ашытқы тәрізді саңырауқұлақ. Ол алғаш рет 2009 жылы Жапонияда анықталған. Содан бері әлемнің алты құрлығындағы 60-тан астам елге таралған.

Бұл қоздырғыштың басты ерекшелігі – әртүрлі заттардың бетінде ұзақ уақыт сақталып, медициналық мекемелерде оңай таралуы. Әсіресе денсаулығы әлсіреген науқастар үшін қауіпті. Ол ағзаның ішкі мүшелері мен тіндерін зақымдайтын ауыр инфекцияларға себеп болуы мүмкін.

Мұндай инвазиялық инфекциялар кезіндегі өлім-жітім көрсеткіші 30–50 пайызға дейін жетуі ықтимал.

Әдетте Candidozyma auris жұқтырған науқастарда саңырауқұлаққа қарсы препараттардың азолдар тобына төзімділік байқалады. Дегенмен мұндай жағдайда дәрігерлер басқа топтағы дәрілерді қолдана алады.

Ал Кенияда анықталған штаммның ерекшелігі – оның бірден төрт негізгі дәрілік топқа төзімді болуы. Атап айтқанда, азолдар, эхинокандиндер, полиендер және флуцитозин оған әсер етпейді.

Бұл дәрігерлердің қолында инфекцияны емдеуге арналған стандартты дәрілік нұсқалар қалмайтынын білдіреді.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай штамдардың пайда болуы дәріге төзімді инфекциялармен күресті одан әрі қиындатады.

Әсіресе медициналық мүмкіндіктері мен ресурстары шектеулі Африка елдері және басқа өңірлердегі ауруханалар үшін бұл үлкен қауіп төндіруі мүмкін.