АЭС-ты ауыл үшін қолдап отырмын – Баққожаев
“Ауыл” партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев АЭС салуды ауылға тигізер пайдасы үшін қолдайтынын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өз басым АЭС-ты аграрлық сала мен ауылға қатысты плюстарын түсінгендіктен қолдап отырмын. Біріншіден, соңғы уақытта климаттық өзгеріс ауыл шаруашылығына қатты әсер етті. Солтүстікте мезгілсіз жауған жаңбыр кесірінен өнімдердің сапасы бұзылып, көптеген азамат өнімін сата алмай отыр. Климатқа байланысты батыстың жағдайы да қиындап бара жатыр. Қуаңшылық деген қалыпты жағдайға айнала бастады. Осы зардаптардың экономикалық тұсын санасаңыз, миллиардтаған АҚШ долларымен есептеп шығаруға болады, - дейді депутат.
Оның үстіне Анас Баққожаев сол шаруашылықтардың жағдайын қайта қалпына келтіру үшін субсидия, экономикалық оңалту бағдарламалары да үлкен шығын келтіретінін атап өтті. Сондықтан Қазақстанның климаттық жағдайына әсер ету үшін көміртек көлемін азайту керегін жеткізді.
Депутат тоқталған екінші мәселе – ауылды сақтап қалу.
Ауыл мен аграрлық сала қатар жүреді, бөле алмайсыз. Сондықтан біз аграрлық саланы дамытамыз десек, ауылды елді мекендерді сақтап қалу керек. Ал енді қазір урбанизация жүріп жатыр. Көп адам қалаға сабылып көшіп жатыр. Не үшін көшеді? Себебі жайлы өмір іздейді. Қазір ауылдарда жарық бар, барлық жағдай шешілген сияқты. Бірақ орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Қалаларда мысалға жылу, ыстық суымыз бар, - деді ол.
Мәжіліс депутаты бұл мәселені ауылдарға газ тартып шешу қымбатқа түсетінін, ал кіші модульдық реакторлар жақсы альтернатива болатынын алға тартады.
Ядролық технологияларға көңілім бұрылатыны кіші модульдік реакторлар деген бар. Ол дегеніміз – биіктігі 20 метр, ені 3 метрлік реактор, толығымен автономды жұмыс істейтін станция. Соған кішкентай ғана ядролық отынды салып қоясыз. Сонымен бүкіл елді мекенге тиісті жарығыңыз да болады. Одан шыққан ыстық суды елді мекенді жылытуға әбден пайдалануға болады, - деді ол.
Анас Баққожаевтың айтуынша, болашақта осы ауылды елді мекендердің шығынын азайтып, арзан жарықпен, арзан жылу жүйесімен қамтамасыз ету үшін кішкентай модульді реакторларды пайдалануға қол жеткізуіміз керек.
Егер бізде тәжірибе болмаса, кем дегенде бір атомдық станция болмаса, онымен ешкім жұмыс істей алмаса, мен айтып отырған кіші реакторларды іске қоса алмаймыз. Сондықтан да тәуекелге бел буып, әлемдік трендтерден қалмай, осы үлкен аумағымыздағы шашыраңқы елді мекендерімізге жайлы өмір беретін элементтерді енгізуіміз керек. Сондықтан осы екі аспектіні алатын болсақ, бізге АЭС шын мәнінде керек, - деп қорытындылады ол.