АЭС-тен бөлек: Қазақстан атом саласының қандай бағыттарын дамыта алады?
Ядролық медицина, радиоизотоптар өндірісі және инженерлік шешімдер – перспективалы бағыттардың қатарында.
Қазақстан атом саласын уран өндіру және АЭС салумен ғана шектемей, одан да кең ауқымда дамыта алады. Перспективалы бағыттардың қатарында ядролық медицина, радиоизотоптар өндірісі, радиациялық технологиялар және отандық инженерлік шешімдер бар. Бұл бағыттардың елге қандай мүмкіндік беретіні және саланың дамуын әзірге не тежеп отырғаны туралы BAQ.KZ тілшісіне AIDA (Atomic Industry Development Association) коммерциялық емес ұйымының атом технологиялары және қауіпсіздік департаментінің директоры Гүлбаршын Қанағатова айтып берді.
Ядролық медицина және радиациялық технологиялар
Сарапшының айтуынша, ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – ядролық медицина. Қазақстанда радиоизотоптар мен радиофармпрепараттар өндіруге қажетті ғылыми және өндірістік база қазірдің өзінде қалыптасқан. Дегенмен бұл бағыттың мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге болады.
Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – ядролық медицина. Қазақстанда радиоизотоптар мен радиофармпрепараттар өндіруге қажетті ғылыми және өндірістік база бар. Келесі қадам – олардың өндірісі мен түрлерін кеңейту, сондай-ақ диагностика және емдеу технологияларын дамыту. Радиациялық технологияларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, тамақ өнеркәсібінде және басқа да салаларда кеңінен қолдануға болады, – деді Қанағатова.
Бұл ретте стерильдеу, материалдар мен өнімдерді өңдеу, сондай-ақ изотоптық технологияларды пайдалану бағыттары қарастырылып отыр.
Маманның айтуынша, бұл салалардың одан әрі дамуы ғылыми инфрақұрылымның жағдайына және білікті кадрлардың болуына да байланысты.
Жабдық жеткізуден бастап отандық инженерлік шешімдерге дейін
Перспективалы бағыттардың бірі – елдің жеке өндірістік және технологиялық базасын дамыту. Қанағатованың пікірінше, Қазақстан атом саласына қажетті жабдықтар, материалдар мен құрамдас бөлшектерді өз ішінде өндіру мүмкіндігін біртіндеп кеңейтуі қажет.
Атап айтқанда, радиациялық бақылау құралдары, автоматтандыру жүйелері және басқа да технологиялық шешімдер туралы сөз болып отыр.
Алайда тек жабдықты өз ішінде өндіру жеткіліксіз. Елге оны әзірлеу, сынақтан өткізу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша да құзыреттер қажет.
Жеке бір бағыт – инженерлік және жобалау құзыреттері. Біз үшін жабдық өндірумен ғана шектелмей, тиісті жүйелерді жобалау, модельдеу, сынақтан өткізу және оларға қызмет көрсету мүмкіндігін дамыту маңызды. Сондай-ақ ғылыми және медициналық мақсаттағы жабдықтар өндірісін дамытуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі түптеп келгенде Қазақстанда әзірлеу мен өндіруден бастап пайдалану және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі өзіндік жеткізу тізбегін біртіндеп қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді сарапшы.
Оның пікірінше, мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың атом жобаларына жекелеген тауарлар мен қызметтерді жеткізуші ретінде ғана емес, өздерінің технологиялық құзыреттерін дамытатын компания ретінде қатысуына жол ашады.
Саланың дамуын әзірге не тежеп отыр
Негізгі мәселелердің бірі – өндірісті жергіліктендіру. Сарапшының пікірінше, саланы одан әрі дамыту үшін Қазақстан қазірдің өзінде өз күшімен қамтамасыз ете алатын жабдықтар, материалдар, жұмыстар мен қызмет түрлерін және әлі де қалыптастыруды қажет ететін құзыреттерді нақты анықтауы керек.
Сонымен қатар отандық компаниялардың атом нарығына шығуы қауіпсіздік пен сапаға қойылатын жоғары талаптарға сай болуды қажет етеді.
Отандық компаниялар атом саласының жоғары талаптарына дайын болуы керек. Бұл сапаға, қауіпсіздікке, сертификаттауға және халықаралық стандарттарға сәйкестікке қатысты. Екінші маңызды мәселе – кадр. Атом саласына тек ядролық мамандар ғана емес, инженерлер, технологтар, автоматтандыру, цифрлық технологиялар, материалдар, қауіпсіздік және басқа да бағыттардың мамандары қажет, – деп атап өтті Қанағатова.
Демек, саланы дамыту үшін ядролық физика мен инженериядан бастап цифрлық технологиялар мен өнеркәсіптік автоматтандыруға дейінгі бірнеше бағыт бойынша мамандар қажет болады.
Ғылым, білім және бизнес бірге жұмыс істеуі керек
Қазақстанда қазірдің өзінде тиісті ғылыми база, оның ішінде Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық бар. Сарапшының пікірінше, келесі қадам осы ұйымдардың инфрақұрылымы мен құзыреттерін одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты күшейту болуы тиіс.
Ал университеттер атом энергетикасы мен ядролық физика саласының мамандарын даярлаумен ғана шектелмей, практикалық дайындықты да күшейтуі қажет. Ол үшін зертханаларды дамыту, тағылымдамалар ұйымдастыру және кәсіпорындармен бірлескен бағдарламаларды іске қосу маңызды.
Жеке бизнес өндірісті жергіліктендіруге, жабдық жеткізуге, сондай-ақ инженерлік және сервистік қызметтерді дамытуға қатыса алады.
Бұл бағыттардың барлығы қазірдің өзінде дамып келеді. Алайда ғылым, білім және бизнестің өзара іс-қимылын жүйелі түрде күшейту маңызды. Сонда зерттеулер мен кадр даярлау саланың нақты қажеттіліктерімен тікелей байланысты болады, – деп есептейді сарапшы.
Уран өндіруден отандық өнімге дейін
Қанағатованың пікірінше, алдағы 5-10 жылда атом саласы Қазақстанға энергетикамен қатар өнеркәсіп, ғылым және медицина бағыттарында да жаңа мүмкіндіктер бере алады.
Перспективалы бағыттардың бірі – жабдықтар мен материалдар өндірісін жергіліктендіру, инженерлік, цифрлық және сервистік шешімдерді дамыту. Ғылыми салада ядролық материалдар, радиациялық технологиялар, қауіпсіздік және цифрлық модельдеу бағыттарындағы қолданбалы зерттеулердің әлеуеті бар.
Тағы бір бағыт – медицинаға қажетті радиоизотоптар мен радиофармпрепараттар өндірісін ұлғайту.
Сарапшының пікірінше, болашақта Қазақстан шикізат экспорттауға басымдық беруден біртіндеп қосылған құны жоғары өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыруға көше алады. Оның қатарында изотоптық өнімдер, инженерлік және жекелеген технологиялық шешімдер бар.
Ол үшін елге зерттеу мен жобалаудан бастап өндіріс, пайдалану және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі барлық кезеңде өз мамандары мен технологиялық құзыреттері қажет.
Қанағатованың пайымынша, дәл осындай толыққанды тізбектің қалыптасуы Қазақстанның дәстүрлі уран өндіруден тыс атом саласына қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.