АЭС салынбаса саладағы ғылыми тоқырауға ұрынуымыз мүмкін - оқытушы

Қазіргі таңда қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – АЭС құрылысы. Дереккөздерге қарасақ, елімізде оны жақтаушылар да, даттаушылар да жетерлік, деп жазабы BAQ.KZ тілшісі.

Атом электр станциясының құрылысын жүргізу – болашақтың еншісі. Мемлекет басшысы АЭС туралы зерделеп, кәсіби тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Осы орайда Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің Инженерлік-технологиялық факультеті «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасының аға оқытушысы Данияр Нұрғалиевпен аз-кем пікірлескен едік.

- Елде АЭС салу мәселесі дүркін-дүркін талқылауға түсіп тұрады. Инженер-оқытушы ретінде сіздің көзқарас қандай?

- АЭС дегеніміз – электр энергиясын өндіретін ядролық қондырғы. Басқа да электр энергиясын өндіретін қондырғылармен салыстырғанда, АЭС-ке отын ретінде уран пайдаланылады. Барлықтарыңыз білетіндей, Қазақстан уранды өндіруден дүние жүзі бойынша 1 орында, ал қоры бойынша 2 орында. Осындай керемет мүмкіндікке ие бола отырып, өз елімізде АЭС салмау үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі, бізде барлық жағдай бар. 

Жалпы атом электр станциясын салу туралы жоба 1997 жылдан бері айтылып келеді. Одан бері, міне, 25 жыл өтіпті, еш бір қозғалыс жоқ. Бірақ жақын арада АЭС салынатынына сенемін. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС жобасын зерделеуді, АЭС-тің елімізге керек екендігін айтты. Қазақстан халқы демографиялық тұрғыда көбеюінен және әр адам «қолайлы жағдайда өмір сүруі» үшін электр энергиясын көп мөлшерде тұтынуға мүдделі. Қарапайым шаруашылық тұрмысты алып қарасақ, бір үйде бірнеше ұялы телефон, тоқ шәйнектер, мұздатқыш, тоңазытқыштар, қысқа толқынды пештер т.б. кете береді. Үлкен өндіріс орындарын айтпағанда. Ал бұның бәріне энергия керек. Қазіргі электр энергиясының тарифі қымбат және жеткіліксіз. Осыған орай болашаққа бағдар жасай отырып, АЭС салу туралы ертерек қамданып отырған Президентіміздің шешімі дұрыс деп есептеймін. 

- АЭС салу туралы әңгіме болса, оған жұмыс істейтін маман жоқтығы қоса айтылады. Жалпы осы саладағы мамандарымыздың әлеуеті қандай?

- АЭС саласында маман дайындау басты басымдық екені даусыз. Дайындалып жатқан маман жоқ деп те айтуға келмейді. Себебі, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде инженерлік-технологиялық факультеттің «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының қолдауымен 1996 жылдан бері «Ядролық реакторлар және энергетикалық қондырғылар» траекториясы бойынша мамандарды дайындау жұмыстары үзіліссіз жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда бітірушілеріміз Ұлттық ядролық орталығының базасында көптеген жоғары лауазымдарда еңбек етіп жүр. Ал білім алып жатқан студенттеріміз барлық 4 жылдық оқу мерзімінде іс-тәжірибелерін тікелей сол орталық реакторларының жанында өтеп, үлкен тәжірибе жинайды. Студенттердің болашақ маман екенің білетін кәсіпорындар өздерінің барлық мүмкіндігін олардың біліктілігін арттыруға жұмсап отыр.

Біз – яғни «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасының оқытушылары өз кезегімізде оқу бағдарламасын заман талабына сай реттеп, іріктеп, мамандар дайындауға барымызды салып отырмыз. Бүгінгі таңда университетімізде бакалавриат, магистратура және докторантура оқу деңгейлері бар. Сондықтан, маман дайындау бойынша аса қиын мәселе болмайтын шығар деген сенімдемін. Бұл тек біздің университеттің ғана шығарып отырған мамандары, біз секілді Алматы қаласында «Атом энергиясы институты» да қарқынды жұмыс атқарып келеді.

- АЭС салуды қолдайтындар да, қарсылық танытушылар да бар. Қоғам неге АЭС-тен қорқады?

- 2008 жылы ҰБТ тапсырып, мамандық таңдаған кезде Семей ядролық сынақ полигонын зерттеп көрсем бе деп, осы мамандыққа түскенмін. Содан бері «Ядролық реакторлар және энергетикалық қондырғылар» траекториясы бойынша бакалавриатты, магистратураны және докторантураны оқып бітірдім. Алдағы жылдары PhD қорғау жоспарда бар. Сегіз жыл болды АЭС оқу бағдарламасы бойынша сабақ беріп келемін. Тиімділігіне келетін болсақ, АЭС салу – бірінші кезекте экономикасы тұрақты алдыңғы қатарлы мемлекеттерден артта қалмау үшін қажет. Екіншіден, қоршаған ортаны қазірден бастап ойлап, жасыл экономикаға көшу керек. Үшіншіден, жоғарыда айтқанымдай, өз жерімізде АЭС салуға барлық мүмкіндігіміз бар. 

Әрине, АЭС салуды қолдайтындар да болады, қолдамайтындар да кездеседі. Ол әркімнің өз көзқарасы. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Халық АЭС-тің қандай екенің білуі керек, яғни қандай пайдасы бар, қандай қаупі бар дегенді ажыратқаны дұрыс. Біздің менталитет сондай ғой, жаңа нәрселерден әрдайым қорқамыз да жүреміз.

Менің ойымша, АЭС-тен қорқудың бірінші себебі – кезіндегі Семей ядролық сынақ полигонының зардабы. АЭС дұрыс салынбай немесе апатқа әкелгенде жарылыстың болуынан қорқады. Бірақ халық қазіргі жаңадан салынып жатқан АЭС қорғаныс деңгейінің аса жоғары дамығанын және ол үнемі қатаң бақылауда болатынын біле білмейді.

- Жақсы, АЭС салдық. Одан бізге қандай пайда?

- Студенттеріммен де осы тақырыпқа жиі жауап іздейміз. АЭС құрылысы кезінде ең бастысы жаңадан мыңдаған жұмыс орындары пайда болады. Қаланың инфрақұрылымы жақсарады, себебі әуе, темір жол және тас жол байланыс жұмыстары кеңейеді. Қазақстан электр энергиясы тапшылығынан құтылады. Көрші орналасқан мемлекеттерге электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді. Қосымша қаражат әкеледі және тағы да сол сияқты көптеген пайдасын тигізер еді. 

Қазір біз «Медициналық физика» деген мамандықты да оқытамыз. Семей қаласында «Ядролық медицина және онкология орталығы» 2016 жылы жаңартылып ашылды. Қазіргі таңда біздің «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасы тығыз ынтымақтастық жұмыстарын жүргізу арқылы филиал ашты. Сонымен қатар меморандум да бар. Жоғарыда Ұлттық ядролық орталығы қолдауымен мамандық ашылса, «Ядролық медицина және онкология» орталығының арқасында «Медициналық физика» мамандығы 2019 жылы ашылды. Бірақ бұл мамандық бойынша тек магистратура мен докторантура ғана оқытылады. Осы жерде айта кетсем, Шәкәрім университетінде «Техникалық физика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істеп тұр. Соның арқасында көптеген докторлық диссертациялар АЭС бағытында қорғалып, PhD дәрежесін алып жатыр. Бұл осы салаға дайындалатын маман-кадрлардың әлеуетін арттыратын ірі ғылыми жұмыс деп қарауға болады. 

- Ал егер АЭС салынбаса неден ұтылуымыз мүмкін?

- Экономикалық тұрғыда даму бағытында кешігеміз. Өзіміздің жерімізден өндіріліп отырған уран кенінің пайдасын көрмейміз. Жаңа мамандарды даярламау салдарынан саладағы ғылыми тоқырауға ұрынамыз. Ең бастысы электр энергиясын сатып алу арқылы көп қаржылай шығынға батуымыз мүмкін. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы