АЭС салуда АҚШ технологиясы қарастырылмайды – Ақшолақов
Қазақстан атом электр стансасын салу үшін АҚШ технологиясын қарастырмайды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АЭС-қа туралы қысқаша жауап берейін. Бұған дейін технологияны таңдап жатқанымызды айтқан едік. Әзірше қандай да бір технологияны таңдаған жоқпыз. Осы мақсатта біраз зерттеу жұмыстары жүргізілді. Біз былтыр Түркия, Франция, Оңтүстік Кореяға барып көрдік, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар кезінде қарастырдық. Жоспарда венгер нысандары бар. Ол елдердегі стансалар әртүрлі технологиямен салынған. Түркияда - ресейлік «Росатом» технологиясы. Сол себепті әлі таңдау жасалған жоқ, - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сөзінше, станса технологияларының салыну процестері мен технологиялары әбден жан-жақты қарастырылуы тиіс.
Не мемлекет өзі салады не болмаса технология лицензияларына салу мүмкіндігі беріледі. Қауіпсіздік, сесмикалық зерттеу әлі жүргізіліп жатыр. Дегенмен, шамамен құрылыс алаңын айқындап қойдық, ол - Үлкен елді мекені. Осыған дейін айтқанымыздай, 5 технологиядан тұратын қысқа тізім болған. Біз АҚШ технологиясын қарастырмаймыз деп шештік. Олармен басқа жобалар бойынша жұмыс істейміз, - деді Болат Ақшолақов.