АЭС салу үшін бірнеше несие алынады
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атом электр станциясының (АЭС) құрылысы қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілші.
Ең алдымен вендор анықталады, содан кейін жобаның құрылымы жасалады. Жобаның өзі мен ондағы қолданылатын технологиялар құны нақтыланады. Қазіргі кезеңде бұл мәселелер ашық күйінде қалып отыр, себебі әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Шешім қабылданған бойда, қаржыландырудың қандай көздерден жүзеге асырылатыны белгілі болмақ, – дейді Қасенов үкімет отырысынан соң өткен брифингте.
Вице-министрдің сөзіне сенсек, құрылыс кезінде шетелдік жабдықтар қолданылса, экспорттық-несиелік агенттіктер тарапынан қаржыландыру механизмдері қарастырылуы мүмкін.
Мәселен, Қытайдан жабдық сатып алдыңыз делік, Қытайдың “Эксимбанкі” қаржыландыру ұсына алады. Германияда мұндай агенттік – “Гермес”, ал АҚШ-та – “Эксимбанк”. Олар ықтимал қаржыландыру көздері бола алады. Сондай-ақ, халықаралық даму институттары да қаржы ұсыну мүмкіндігіне ие, – деді Қасенов.