АЭС саларда қауіпсіздікке аса мән беріледі – Тимур Жантикин

Алматыда Атом энергетикасы және оның ресурстарының маңызы жайлы дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде АЭС салудың артықшылықтарына "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин тоқталып өтті.

Қазақстанда атом энергиясы қажет пе, жоқ па деген бірнеше пікір айттық, талқыладық. Электр энергиясының тапшылығы тек арта бермек. Себебі экономиканың дамуы энергия шығындарын көбірек талап етеді. Егер жағдайды сол қалпында қалдырсақ, онда апаттар жиілеп, адамдар электр жарығынсыз қалып, экономиканың дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Сол себептен көлемді жоспар құрылып, соны іске асыру мақсатында жұмыс істеу қажет. Энергетика министрлігі екі атом блогының құрылысын жоспарлаған. Бұл болашақта тудыратын тапшылықты толық қамти алмайды. Бірақ бұл жерде, әрине, мұқият талдау қажет. Өйткені бұл болашақта ұрпағымызға айтарлықтай күрделі мәселелер туындатуы мүмкін. Сол себептен АЭС саларда қауіпсіздікке аса мән беріледі. Қазіргі таңда атом электр станциясын салу үшін технологиялар зерттеліп, зерделеніп жатыр, - дейді Тимур Жантикин.

Спикер елімізде АЭС құрылысын салуға әртүрлі станциялардан он үшке жуық жоба келіп түскенін атап өтті.

АЭС құрылысын салуға төрт елді - Оңтүстік Кореяны, Ресейді, Францияны, Қытайды қарастырып жатырмыз. Көпшіліктің көкейінде неге төрт ел деген сұрақ туындауы мүмкін. Алғашында Қазақстанда АЭС құрылысын салуға әртүрлі станциялардан он үшке жуық жоба келіп түсті. Осылардың ішінен төрт елді таңдап алдық. Дегенмен құрылысты қай ел салатыны әлі белгісіз, - дейді "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры.

Тимур Жантикин еліміздегі АЭС-ты салуда неліктен Үлкен ауылы таңдалғанын атап өтті.

Қазақстанда АЭС-ты Алматы облысы, Үлкен ауылында салу бекер таңдалып отырған жоқ. Кеңес заманының өзінде ол жерде ЮКГРЭС жылу станциясы үшін қажетті инфрақұрылым жасалды. Сонымен қатар бұл жер энергетикалық сенімділік тұрғысынан да өте қолайлы және «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің лайықты жалғасы бола алады. Осы жерден әртүрлі кернеу кластарының қосымша электр желілерін салу арқылы әртүрлі бағыттағы тармақтардың құрылысын жүргізу өте ыңғайлы. Сондай-ақ атом электр станцияларының жылу циклін салқындату үшін технологиялық резервуар бар. Дегенмен қазіргі заманғы атом электр станциялары бұдан былай бұрынғы буын станциялары сияқты көп мөлшерде суды қажет етпейді. Сонымен қатар олар үшін "құрғақ" салқындату деп аталатын технологиялық құрылғылар болмақ, - дейді "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы