АЭС құрылысы. Салатын компанияға қандай талап қоямыз?
Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов елімізде АЭС құрылысы салынатын болса, шетелдік компанияларға қандай талаптар қоюымыз керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда елімізге АЭС салу үшін 4 мемлекет өз технологияларын ұсынып отыр. Олар - қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік "Росатом" және француздық EDF. Меніңше, олардың ішінде «қайсысы озығырақ» деп салыстыруға болмайды. Өйткені 4 мемлекет ұсынып отырған технологияның түбі бірдей. Бізде қойылатын реактор 30-дан астам елде апробацияланған энергетикалық реактор. Әрине, 4 компанияның да өзіндік айырмашылықтары бар. Ол көбіне АЭС-тің қауіпсіздігі, отын мөлшерінде және оны басқару тетіктерінде болуы мүмкін. Ал, негізгі технологиялары 85-90 пайызға ұқсас. Иә, АЭС-тің салыну-салынбау мәселесі референдумда шешіледі. Қай технология тиімдірек деген сұрақ одан кейін қарастырылады. Ал, оларды қалай таңдаймыз десек, ең алдымен, аталған компания иелерінің талабы біздің талабымызға сәйкес келуге тиіс. Бастысы, кадрлар елімізде оқытылуы керек. Осы талаптарға қай компания тиімді шарт ұсынса, сол ел таңдалады деп ойлаймын, - деді Жансейітов.
Данияр Жансейітов елімізде АЭС-ті бақылайтын мамандар даярлауға қауқары әбден жететінін айтады.
Қазіргі таңда елімізде үш ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Оның біреуі Алматы ядролық физика институтында. Алматыдағы ядролық раектордың жұмыс істеу принципі энергетикалық реактормен бірдей. Қойылатын талаптары мен шарттары да бірдей. Алматыда жұмыс істеп тұрған реактор ғылым және өндірістік мақсатта жұмыс істеуде. Реактордың қуаттылығы - 6 МВт. Ал, елімізге салынуы мүмкін реактор - 1200 МВт. Демек, реактордың айырмашылығы қуаты мен масштабында болып отыр. Ал, жұмыс істеу жүйесі ұқсайды. Екіншіден, Абай обылысының, Курчатов қаласында екі ядролық реакторымыз бар. Бүгінгі таңда Алматыдағы институтында 100-ден аса маман жұмыс істейді, ал Курчатовта 300 маман еңбек етуде. Демек, елімізде 400-ге жуық реактормен жұмыс істей алатын маман бар деген сөз. Егер болашақта АЭС құрылысы басталатын болса, онда мамандарда өз елімізде дайындауымыз керек. Осы шартымызға келісетін компанияға басымдық берілуге тиіс деп ойлаймын, - дейді Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Ғылыми қызметкер маман ретінде АЭС құрылысын қолдайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша АЭС құрылысының салыну-салынбауын қазақстандықтар өздері шешуі керек. Бүгінгі таңда Энергетика министрлігі және Қазақстан Атом электр станциялар компаниясының қолдауымен еліміздің 19 қаласында АЭС бойынша талқылаулар өтті. Онда «АЭС керек пе, керек емес пе» деген сұрақ күн тәртібіне қойылып отырған жоқ. Халыққа энергетика саласындағы жалпы жағдай, оның ішінде қандай жоспарлар бар сол туралы түсінік берілуде. Онымен қоса, АЭС құрылысының жұмыс істеу принципі қандай? Қандай жақсы әрі жаман жақтары бар? Осы сұрақтардың бәрі талқыға салынуда. Көп халықтың ойы сарапшылардың пікірін тыңдағаннан кейін өзгеріп жатады. Адам жалпы білмегенінен қорқады, егер ақпаратты керекті адамнан естіп, көз жеткізсе, ойлары өзгереді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек, -деді Данияр Жансейітов.