АЭС құрылысы қашан басталады? Нақты уақыты айтылды

Ақорданың кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысына қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір, өздеріңіз білесіздер, “Росатом” жобалау-іздестіру жұмыстарын өте табысты жүргізіп жатыр. Жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Шамамен 50 ұңғыма бұрғыланды. Топырақ сынамалары алынды, талданып жатыр. Шамамен 2 мың нүктеде радионуклидтерге талдау жасалды, гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік талдау, жер бедерінің топографиялық талдауы жүргізілді, екі гидробекет орнатылды. Жалпы, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, - деді Сәтқалиев.

Оның сөзінше, 18 ай ішінде жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталып, станцияның соңғы конфигурациясы алынады деп күтіліп отыр.

Сәтқалиев энергетика саласына кадр даярлау да басталып кеткенін қоса кетті.

Кадр даярлауға да кірістік. Қазақстанның жеті ЖОО-сы арнайы кафедралар ашты. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдармен — Венгриядағы, Франциядағы, Жапониядағы, Қытай мен Ресейдегі оқу орталықтарымен мамандар даярлау туралы келісім жасадық. Қытай шамамен 200 грант бөлді, қазір жас мамандардан өтінімдер қабылдап жатырмыз. Олар Франция, Қытай, Ресей, Венгриядағы энергетикалық нысандарда тәжірибеден өтіп, атом энергетикасы саласы бойынша маманданады, - деп түсіндірді Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Ақордадағы кулуарда.

Құрылыс қашан басталады Алғашқы кірпіш, алғашқы іргетас қашан құйылады? - деп сұрады БАҚ өкілдері.

Атом саласында оны “бірінші бетон” дейді. Оны тек жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін айтуға болады. Бұл жабдықтың құрамына, жобалық шешімдерге байланысты. Сондықтан дәл айту қиын. Ресейлік жоба бойынша біз 2029 жылға бағдарланып отырмыз. Келесі жылы да жобалау-іздестіру жұмыстары жалғасады. Атом электр станциясын салу — өте күрделі технологиялық үдеріс, аса мұқият дайындықты талап етеді. Қазір осы жұмыстар қазақстандық мамандарды тарта отырып атқарылып жатыр, - деп айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы