АЭС-ке қару ретінде қарамау керек: Қазақстандықтар нені білуі керек
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Асуан Сиябек АЭС жайлы қазақстандықтар нені білуі керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2018 жылы маркетингтік бөлім жасалған болатын. Бұл құжатта қаралған басты мәселе – неше қуаттылық керек, болашақта қандай дефицит болады, АЭС-тің орналасатын ауданы мен оның жай-күйі, қандай технологиялар қаралатыны жөнінде жазылған. Осы жасаған маркетингтік бөлімді сараптамадан өткізіп, оң нәтиже алған едік. Кейін 2022 жылы маркетингтік бөлім өзектендірілді. Себебі соңғы жылдары АЭС өзекті болып отыр, - деді сарапшы.
Оның сөзінше, маркетингтік бөлімнің ұсынысы бойынша Алматы облысы Үлкен ауылының аумағында қуаты 2,8 Гб болатын АЭС салу ұсынылған еді.
Асуан Сиябек қуаты 2,8 Гб дейін қандай қуаттағы реакторлар қаралғанын атап өтті.
Осы уақытқа дейін 13 реакторлық технологиялар қаралды. Осы технологиялар да сүзгіден өткізіліп, арасынан 4 реакторлық технология таңдалып алынды. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяның, Ресей Федерациясының, ҚХР-дің және Францияның технологиялары. Барлық технология технологиялық-экономикалық жағынан ұқсас. Қуаттылығы 1,2 Гб-дан 1,4 ГБ-ға дейін электр энергиясын береді, - деп түсіндірді сарапшы.
Оның айтуына қарағанда, бұл 4 елдің технологиялары соңғы үлгідегі реакторлық технологиялар саналады. Яғни әр технологияның өзінің буыны бар – олар 3+ буынына жатады. Технологиялардың қауіпсіздік мәселесі де өте жоғары.
Бұл таңдалған елдер өз елдерінде де, шетелдерде де станциялар салған. Яғни АЭС салуда тәжірибелері бар, - деп түсіндірді энергетик.
Ол елімізге АЭС салудың не себепті қажет екенін түсіндірді.
Кейбір азаматта өткен ғасырлардағы жарылыстардың салдарынан қалған фобия болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде атом электр станциясын қару ретінде емес, энергия генерациялайтын нысан ретінде қарауымыз керек. Бұл жерде біз энергия аламыз. Болашақта болатын дефицитті жабу үшін бізге негізгі энергия көзі керек. Негізгі энергия көзін біз тек қана көмірмен жұмыс істейтін станциялардан не болмаса осындай АЭС-тан аламыз. Өйткені олар тұрақты, сенімді және үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Ал баламалы энергия көзін негізгі ретінде қарастыра алмаймыз. Өйткені оларға күннің ауысуы, уақыт мезгілі ықпал етеді. Сол себепті бізге болашақта болатын генерациялық жабдықтардың тозуының алдын алу үшін негізгі энергия генерациялайтын нысан салу керек. Ол біздің түсінігімізде - АЭС, - деп айтты ол.
Сарапшы атап өткендей, енді АЭС-тің салынуы не салынбауы күзде өтетін референдумда шешілетін болады.
Қазақстандықтар АЭС бойынша нақты нені білуі керек:
- Электр энергиясы генерациясы қажет болғаннан кейін нарықтағы электр энергиясының тапшылығын, оған өсіп келе жатқан қажеттіліктер мен жабдықтардың тозуына байланысты АЭС салу қажет.
- АЭС жасыл технология қатарына жатады. Себебі көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары парниктік газ, көмірқышқыл газы шығарады. Сондықтан ол экологияны жақсартуға септігін тигізеді.
- Ғылыми-техникалық және кадр әлеуеті өседі. Атом саласындағы жаңа технологиялар ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа буын тәрбиелеуге көмектеседі.
- Қазір АЭС-тың негізгі жұмыс істеу мерзімі 60 жыл деп айтамыз, бірақ оны тағы 20-30 жылға созуға болады. Яғни 80-90 жылға дейін тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етуге болады.
- Егер АЭС салынса, ол орналасатын аумақта инфрақұрылым дамиды. Мысалы, жолдар, мектептер, ауруханалар салынады.
- Ураннан шығатын жылу бөлінгіш құралдардың әлеуетін көтеріп, өзімізде қолданамыз.
- Жұмыс орындары құрылады.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесуінде АЭС салу бойынша референдум биыл күзде өтетінін мәлімдеген болатын.