АЭС – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің кепілі
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен айтты деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі шынымен де біздің қоғамда көптеген пікірталас тудыруда. Талқылау энергетикалық тәуелсіздік, АЭС-тың жұмыс қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік, саяси негізділік және т.б. факторлардың төңірегінде өрбіп жатыр. Семей полигонындағы ядролық сынақтардың қасіретті мұрасын және Чернобыль АЭС-дағы апат салдарын жоюдың қайғылы тәжірибесін ескерсек, Қазақстан тұрғындарының алаңдаушылығын түсінуге болады. Атом энергетикасына қатысты пессимизм Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС-та болған ауқымды табиғи және техногендік апаттан кейін күшейе түсті. Дегенмен, сол апаттың нәтижесінде халықаралық қауымдастық ядролық қауіпсіздікті барлық аспектілерде қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қабылдады. Бірақ АЭС жобасының төңірегінде азаматтардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы хабардарлығының төмендігінен туындайтын негізсіз үрей мен фобия әлі де көп екенін атап өту керек, - деді ол.
Бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану біздің елімізде ұлттық экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі референдумда ел азаматтарының басым бөлігі АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, Қазақстанда қауіпсіздік жүйесі күшейтілген 3+ буынына жататын заманауи ядролық реакторлар орнатылған АЭС салынады. Оны салу кезінде анағұрлым озық және қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл «адам факторының» әсерін және апат ықтималдығын барынша азайтады. Бұл мәселеде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну маңызды, - деді ол.
Ол отандық энергия өндіру қуатын кеңейту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үкімет АЭС салуды таңдап отырғанын айтты.
Осы міндеттің өзектілігі көршілес елдерден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алу есебінен жабылатын ел экономикасы мен халқының энергияға сұранысының артуынан пайда болған электр қуатының жетіспеуімен, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерация нысандары мен электр желілерінің әбден тозуымен байланысты. Энергетика саласы мамандарының пікірінше, атом энергетикасы бірқатар объективті факторлардың, соның ішінде ауа райына тәуелді болмауы арқасында, бүгінгі күні дәстүрлі сарқылатын энергия көздеріне жалғыз ұзақ мерзімді және тұрақты балама болып қала береді. Сондықтан отандық энергия өндіру қуатын кеңейту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үкімет АЭС салуды таңдап отыр, - деді сарапшы.