АЭС бойынша референдум. ТМД байқаушылары не дейді
ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі, ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов Қазақстанда өткен референдумға оң баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Анфимов референдум күні ТМД байқаушылары Қазақстанның 9 өңірінде – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызметін жүзеге асырып, 618 дауыс беру учаскесіне барғанын атап өтті.
Учаскелерді аралағанда біз міндетті түрде әріптестерімізбен – ұлттық бақылаушылармен байланыста боламыз. Бізге олардың дауыс беру процесіне қатысты пікірі қызық, ескертпелері немесе ұсыныстары бар-жоғын білгіміз келеді. Біз ұлттық бақылаушылардың ешқайсынан шағым естіген жоқпыз. Бүкілі де референдум қолданыстағы заңнамаға сай өтті деген пайымға келді, - деді ол ҚР Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте.
Леонид Анфимовтің айтуынша, референдум Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына сай өтті.
24 азамат қоғамдық науқан кезінде қоғамдық сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылды, - деді ол.
Тағы бір Беларусь елінен келген байқаушы Игорь Карпенко еліміздегі референдум әділ әрі ашық өткенін айтады.
Біз Қазақстанға өткен жұмада келдік. Бұл елге бірінші рет келіп тұрмын. Байқаушы ретінде өте жақсы әсер алдым. Қазақстанның референдум комиссиясы қысқа уақыт ішінде саяси науқан ұйымдастыра білді. Референдум жоғары деңгейде өтті. Дайындық жұмыстары бірден көзге түседі. Тек ұйымдастыру емес, түсіндіру жұмыстары да жақсы жүргізілгені байқалып тұрады. Біздің ойымызша, референдум еркін әрі ашық өтті. Біздің ешқандай ескертуіміз жоқ, - деді байқаушы.