АЭС бойынша референдум кезінде кімдер байқаушы болады

Референдум барысында кімдер байқаушы бола алады? Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Анастасия Щегорцова олардың 4 cанаты барын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Щегорцованың мәлімдеуінше, І санат – аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары.

Сайлау мен референдумды байқауға қатысқысы келетін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар Орталық және аумақтық сайлау учаскелерінде аккредиттеу рәсімінен өтеді. Аккредиттеу 1 жылға беріледі. Бүгінгі таңда 13 республикалық қоғамдық ұйым және 231 өңірлік ұйым аккредиттелген.

Республикалық қоғамдық бірлестіктер еліміздің барлық 20 өңірінде байқауды жүзеге асыра алады. Өңірлік ұйымдар аккредиттелген облыста және олардың филиалдары бар облыстарда байқауды жүзеге асыра алады. Дауыс беру барысына саяси партиялар да байқаушы бола алады. Бірақ олар да аккредиттеуден өтуге тиіс. Бұл ретте AMANAT партиясы ғана аккредиттеуден өтті. Басқа саяси партиялар Орталық референдум комиссиясына өтінім берген жоқ, - деді Щегорцова.

ІІ санат – шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары. 30 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өтті. Шетелдік байқаушылардың аудармашымен бірге жүруге құқығы бар.

ІІІ санат – шетелдік БАҚ өкілдері. Оларды Сыртқы істер министрлігі аккредиттейді. 38 елден 200 тілші тіркелген.

ІІІ санат – отандық БАҚ өкілдері. Дауыс беру күнінде әр БАҚ-тан 1 өкілден, телеарналардан 3 өкілден қатыса алады. Ол үшін БАҚ өкілінің қызметтік куәлігі мен редакциялық тапсырмасы болуы қажет.

Бұған дейін Таяу-Шығыстағы саяси ахуалға байланысты Израиль, Иран Ислам республикасы және Ливанда референдум учаскелері қызметін тоқтататыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов архив
Өзгелердің жаңалығы