АЭС бойынша референдум: Израиль, Иран, Ливандағы қазақстандықтар дауыс бермейді

Таяу-Шығыстағы саяси ахуалға байланысты Израиль, Иран Ислам республикасы және Ливанда референдум учаскелері қызметін тоқтатады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әскери әрі саяси ахуалдың шиеленісуін ескере отырып және ел азаматтарының қауіпсіздігіне төніп тұрған қауіп-қатерге байланысты Ливан, Иран Ислам республикаларындағы және Израиль еліндегі елшіліктердің жанындағы жұмыс істеп тұрған референдум учаскелерінің қызметін тоқтатуды жөн деп санаймыз, - деді Нұрлан Әбдіров ОСК-да өткен брифингте.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова аталған 3 мемлекеттен 228 адам дауыс бермейтінін мәлімдеді.

Күрделі әскери саяси жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Егер статистикаға жүгінсек, референдумда дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны Израильде - 53, Иранда - 132 азамат және Ливанда - 43 азамат. Барлығы 228 азамат бар. Қазіргі таңда Иранда, Ливанда және Израильде тұратын азаматтарға аса қажеттілік болмаса, тұрып жатқан жерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігімен аталған елдерде байланыста болу сұралады, - деді СІМ өкілі.

Нәдірқұлованың сөзінше, бұл елдерден бөлек мемлекеттердегі сайлау учаскелері референдум өткізуге дайын.

Шетелде дауыс беру құқығына ие азаматтардың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны - 12 485 адам. Сыртқы істер министрлігіне 12 611 бюллетень бөлінді. Еліміздің 59 елдегі мекемесінде 74 учаскелік комиссия құрылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов архив
Өзгелердің жаңалығы