Бір сағатта қуатталып, тік көтеріледі: Қазақстандағы аэротаксидің ерекшелігі қандай?
Аэротаксилер Қазақстанда жолаушыларды 2028 жылдың соңында тасымалдай бастайды
Қазақстанда таныстырылған аэротакси Қытайдың AutoFlight компаниясында құрастырылған. Бұл туралы Alatau Advanced Air Group компаниясының Астанадағы өкілі Дастан Зайнулда мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта аэротаксидің нақты құны туралы ақпарат жарияланбайды. Себебі жоба әлі зерттеу кезеңінде.
Экономикалық есебін қазір айтуға әлі ерте. Үлкен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба іске қосылуға жақындаған кезде ғана нақты бағасы туралы ақпарат береміз, – деді компания өкілі.
Компанияның жоспарына сәйкес, жолаушыларды тасымалдайтын алғашқы аэротаксилер Қазақстанда 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басында іске қосылады.
Алайда алғашқы бағыт Астанада емес, Алатау қаласында немесе Алматыда ашылуы мүмкін.
Қай қалада ұшатынын нақты айта алмаймыз. Бұл инфрақұрылымның дайындығына байланысты. Қазір тестілеу орталығының құрылысы Алатау қаласында басталды. Сондықтан алғашқы коммерциялық іске қосу дәл сол қалада болуы ықтимал, – деді Дастан Зайнулда.
Оның айтуынша, алғашқы демонстрациялық ұшу да осы жылдың 19 мамырында Алатау қаласында өткен.
Неліктен Алатау қаласы таңдалды?
Компания өкілінің сөзінше, Алатау қаласы Мемлекет басшысының бастамасымен смарт-сити және озық технологиялар орталығы ретінде дамып келеді. Сондықтан жаңа көлік технологиясын алдымен осы қалада енгізу тиімді деп саналады.
Аэротаксидің ерекшелігі қандай?
Компания өкілі аэротаксидің кәдімгі тікұшақтардан бірнеше маңызды айырмашылығы бар екенін айтты.
Оның сөзінше, жаңа әуе көлігі электр қуатымен жұмыс істейді, шу деңгейі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда төмен,тік көтеріліп, тік қона алады, қоршаған ортаға зияны аз.
Бұл – толықтай электрлі әуе көлігі. Сондықтан экологиялық тұрғыдан тиімді. Сонымен қатар шу деңгейі де дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда төмен, – деді ол.
Бір сағаттан астам уақытта қуатталады
Аэротакси арнайы зарядтау инфрақұрылымы арқылы қуат алады.
Компания өкілінің айтуынша, толық қуаттау уақыты бір сағаттан сәл асады, алайда техникалық сипаттамалар кейінірек нақтыланады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада алғашқы аэротакси таныстырылды.
Сондай-ақ, бұған дейін Alatau City-де аэротакси сыналған болатын. Сол кезде 2028 жылға дейін 6 вертипорт салынатыны хабарланды.
Сонымен қатар, Үкімет Alatau City-дегі аэротакси тарифіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.