Бүгiн 2026, 13:55 Фото: pixabay.com

Адвокатура мәртебесі Конституцияға бөлек баппен енгізілді: Жаңа норма нені өзгертеді?

Адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту қорғану құқығының кепілдіктерін күшейтуге және сот төрелігі жүйесінде заң көмегінің рөлін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасында адвокатураның мәртебесі және оның адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі рөлі жеке норма ретінде бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Қазақстандағы адвокатура азаматтардың мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғану және заң көмегін алу құқықтарын іске асыруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, заң көмегін тек адвокаттар ғана емес, заңда белгіленген тәртіппен өзге де тұлғалар көрсете алатыны атап өтілген.

Негізгі заң жобасында адвокаттық қызметті жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ адвокаттардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі арнайы заңмен айқындалатыны да көрсетілген.

Адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту қорғану құқығының кепілдіктерін күшейтуге және сот төрелігі жүйесінде заң көмегінің рөлін арттыруға бағытталған.

Еске салайық, бүгін, 12 ақпанда, жаңа Конституция жобасының мәтіні жарияланды. 11 ақпанда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Айта кетейік, жаңа Конституция 11 тарау, 95 баптан тұрады. Құжатта цифрландыру дәуіріне қажетті нормалар қамтылған. Алайда заңгер Марғұлан Ермағанбет қоғамның құқықтық санасы әлі де әлсіз екенін айтады.