Адвокаттар мен журналистер ешкімнен қорықпай жұмыс істеуі керек - Айман Омарова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.

Жиында адвокат Айман Омарова баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы», «Босқындар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға өзгерістер енгізу керек екенін айтты. Оның айтуынша, адвокаттар көмектерін ешкімнен қорықпай көрсетуі керек. Ал журналистер ешбір қысымсыз жұмыс атқаруы қажет.

«Мысалы, қазір менде 13 журналист бар. Мен олардың құқығын қорғап жүрмін. Сенесіздер ме? Журналистерді қорқытқан, ұрған, тепкен, балағаттаған. Көбінесе полиция қызметкерлері істеген. Бұндай болмау керек. Ол біздің имиджімізге қатты тиеді», - деді Айман Омарова.

Құқық қорғаушы елімізде түрме реформасы қажет екенін де айтты.

Бұған дейін Президент жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы басталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, Тоқаев «Жолдауда айтылған бастамаларды Ұлттық кеңес аясында қарастыру қажет», «Отандастырамыз өз пікірлерін ашық айта бастады», «Масылдыққа жол берілмейді» деген еді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы