Адвокат зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға тыйым салуды сұрады

Зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға тыйым салу ұсынылды. Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында адвокат Айман Омарова осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол масс-медиада зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға қатысты ұсынысын айтты.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы көптеген резонансты істе БАҚ өкілдері бізден бұрын қимылдайтыны белгілі. Ал ол ақпараттар көп жағдайда жәбірленушілердің психологиялық күйзелуіне алып келеді, тіпті кейбіреулері ар-намысты алға тартып, өз-өзіне қол жұмсауға да барады, - деді Айман Омарова.

Адвокат осыған байланысты зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға тыйым салып, ондай өрескел дүниелерді көрсетпеуді сұрады.

Керісінше, біз халықтың пайдасына қабылданатын заңдарды насихаттап, көрермендердің құқықтық сауатын арттыруымыз керек. Сол үшін осыған қатысты ақпараттарды көбейту қажет, - деді ол.

Бүгін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқанын айта кетейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы