Әділов тергеудің заңсыз әдістері туралы ақпаратқа қатысты жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Тергеудің заңсыз әдістері туралы ақпаратқа қатысты айтарым, бұл мәселе бойынша Бас прокуратураның өкілі түсініктеме берді, әрбір арыз бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде, бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Осыған қоса, қазір қылмыстық істер бойынша барлық адам, білікті заң көмегіне құқығын қамтамасыз ете отырып тергеу органдарына ресми түрде шақырылады, - деді ол.
Әділов атағандай, тергеудің заңсыз әдістеріне қатысты барлық шағымды прокурорлармен қатар, Ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік бөліністері де мұқият тексереді.
Осы сәтті пайдалана отырып, арандатушылыққа бой алдырмауға және жалған ақпарат таратпауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, тергеудің нәтижелерін күтуге шақырамын. Ішкі істер министрлігі елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға барлық күш-жігерін салады, - деді Санжар Әділов.