Әділетті экономикаға қадам: Ұлттық құрылтай не өзгертті?

Ұлттық құрылтайда көтерілген экономикалық мәселелер мемлекеттің дамуындағы жаңа кезеңде қандай басымдықтарға мән беріліп отырғанын айқын көрсетті. Президент сөзінен экономикалық саясаттың басты мақсаты – жай өсімге емес, әділетті әрі орнықты дамуға бағытталғаны аңғарылады. Бұл – экономиканың нақты секторын күшейту, қаржы айналымын арттыру және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін жүйелі шешімдер қабылдау деген сөз. BAQ.KZ тілшісі құрылтайда көтерілген мәселелер қоғам әл-ауқатын қалай өзгерткенін талқылады. 

Басым бағыт қандай болды?

Құрылтайда Мемлекет басшысы нақты секторды қаржыландыруды ұлғайту мәселесіне ерекше тоқталды. Экономикадағы басты түйткілдердің бірі – ұзақ жылдар бойы қаржының өндірістен гөрі делдалдық салаларда шоғырлануы.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет экономиканың нақты секторына бағытталатын қаржы көлемін айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. Бұл қадам өндіріс, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлік саласында жаңа серпін қалыптастыруы тиіс.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым биылғы жылды экономикалық реформалардың алғышартты жылы деп бағалайды.

Мықты мемлекет мықты экономикадан тұрады. Биыл осы мақсатта салық, су, құрылыс және бюджет кодекстері түбегейлі қайта жазылды. Олар алдағы жылдан бастап іске қосылады. Мұның барлығы болашақта қуатты экономиканың негізін қалайды, – дейді депутат.

Мемлекет бюджетін тиімді пайдалану жолындағы шаралар

Құрылтайда ең өзекті тақырыптардың бірі – жаңа салық реформасы болды. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.

Экономист Ерлан Кәрімов реформалардың идеологиялық бағытына тоқталып, бюджет теңгерімінің маңызын атап өтті.

Қазір Қазақстандағы бюджет тапшылығы шамамен 10 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар бюджеттің 60 пайызын құрайды. Үкімет осы дефицитті төмендетіп, шығындарды басқаруға алуды көздеп отыр, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі де ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы қаржының мақсатсыз жұмсалуына және формализмге жол бермеу қажеттігін ашық айтты. Алайда бұл бағыттағы нақты нәтижелер туралы айту әлі ерте, дейді мамандар.

Экономистің айтуынша, бюджет тапшылығын жабу үшін салық реформаларымен қатар көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілмек.

Қазақстан экономикасының шамамен 20 пайызы көлеңкеде. Егер осы секторды заңдастырсақ, бұл салық жүйесіне айтарлықтай оң әсерін тигізер еді,– дейді ол.

Алайда сарапшы жаңа салық кодексінің тәуекелдері де бар екенін ескертеді.

Әсіресе шағын және орта бизнеске салмақ түсуі мүмкін. Жылжымайтын мүлік саласында бағаның өсу қаупі бар. Ірі компаниялар үшін шағын кәсіпкерлермен жұмыс істеу тиімсіз болуы ықтимал, – дейді экономист.

Әлеуметтік мәселелер қалай шешілуде?

Құрылтайда Президент азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын, әрі нақты нәтиже көрсете алатын мемлекет қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Айдос Сарымның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың басқа жиындардан басты айырмашылығы – нақты заңнамалық нәтижелерге қол жеткізуі.

Құрылтайда көтерілген мәселелердің негізінде бүгінге дейін 10-ға жуық заң қабылданды, – дейді депутат.

Соның бірі - қазір Сенатта қаралып жатқан археология саласына қатысты заң жобасы. Бұл - археологтар көп жылдан бері күткен құжат.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен шекаралық аймақтарды қолдау жөніндегі заң жобасы әзірленді.

Қаңтар айында таныстырылым өтеді. Алдағы құрылтайға дейін құжатты Сенатқа жолдауды жоспарлап отырмыз, – дейді Айдос Сарым.

Сондай-ақ тиімді жүзеге асып отырған тағы бір бағыт – «Қарызсыз қоғам» жобасы. Онда бүгінгі таңда 800 мыңнан астам адамды қаржылық сауаттылыққа үйретілу үстінде.

Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда айтылған экономикалық бастамалар мемлекеттің қысқа мерзімді пайданы емес, ұзақ мерзімді тиімділікті таңдағанын көрсетеді.

Экономиканың нақты секторын дамыту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, адам капиталына инвестиция салу және өсім сапасын арттыру – әділетті экономиканың негізгі тіректері ретінде айқындалды.

Бұл реформалардың табысты іске асуы қоғам әл-ауқатының артуына және мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің нығаюына тікелей әсер етпек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы