«Әділет» партиясының съезінде саяси күн тәртібінің негізгі бағыттары айқындалды
«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде саяси реформаларды жалғастыру, демократиялық институттарды нығайту және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту партия қызметінің негізгі бағыттары ретінде белгіленді. Бұл туралы партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы баяндама жасап, мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, партия саяси жүйені одан әрі жетілдіруді өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Бүгінде еліміздің саяси жүйесін дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптасты. Біздің міндетіміз – осы әлеуетті тиімді пайдалану, – деді Рауан Кенжеханұлы.
Баяндама барысында ол сайлау үдерістерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, бюджеттер мен мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыру, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі сот жүйесін жетілдіру, адвокатура институтын дамыту, азаматтық қоғам институттарын қолдау және мемлекеттік басқару тиімділігін одан әрі арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, аталған бағыттардың барлығы партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан және «Әділет» партиясының негізгі басымдықтарының қатарында қала береді.