«Әділет» партиясынан ұсынылған кандидаттар Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын өңір жұртшылығымен талқылады
«Әділет» партиясының сайлауалды науқаны Қазақстан өңірлерінде жалғасып жатыр. Түркістан облысындағы алғашқы кездесулерден кейін партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Республикалық сайлауалды штаб жұмысын Маңғыстау облысында жалғастырды.
Айбек Дәдебай партия елдің одан әрі дамуының басты негізі ретінде заң үстемдігін қарастыратынын атап өтті. Осыған байланысты кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Каспий теңізінің болашағына арналды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Каспийді сақтау мәселесін бірнеше мәрте ірі халықаралық алаңдарда көтеріп, Каспий маңы елдерін бірегей экожүйені қорғау жолында бірлесіп әрекет етуге шақырған. Бұл ұстанымдар «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.
«Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты – заманауи, әділетті әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін «Әділет» партиясы негізгі бағыттарды қамтитын кешенді жоспар әзірледі. Онда Маңғыстау облысының дамуына ерекше мән берілген. Бүгінде өңірде қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп қана қоймай, жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыру маңызды. Біз Маңғыстаудың түйткілдерін жақсы білеміз және олардың жүйелі шешілуіне күш салуға дайынбыз», - деді ол.
Кездесу барысында өңірдің бір ғана энергия көзіне тәуелділігі де талқыланды.
Ашық диалог барысында облыс тұрғындары жұмыспен қамту, коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі, экология, медициналық көмектің қолжетімділігі, интернет сапасы және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелерін көтерді.
Рауан Кенжеханұлы тұрғын үй жағдайын жақсарту және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі бастамалар туралы айтты. Унзила Шапақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Аят Сүгірбай отбасы институтын нығайту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды.
Өңір жұртшылығымен кездесуден кейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері жұмысын облыстағы ірі кәсіпорындарда жалғастырды.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портының еңбек ұжымымен, балық шаруашылығы саласының және теңіз сервисі ұйымдарының өкілдерімен өткен кездесуде Республикалық штаб мүшелері Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, отандық тасымалдаушыларды қолдау, порт инфрақұрылымын жаңғырту, саланы кадрмен қамтамасыз ету және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мәселелерін қозғады.
«Ақтау порты – Транскаспий халықаралық көлік бағытының жүрегі. Қазіргі геосаяси жағдайда оның маңызы бірнеше есе артты. Сондықтан «Әділет» партиясы Каспий көлік торабын дамытуға бағытталған кешенді шаралар ұсынады. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Ақтаудан кейін штаб өңірлік науқанын Жаңаөзен қаласында жалғастырып, онда тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізеді.