Бүгiн 2026, 16:18 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

«ӘDILET» партиясы жаңа кезеңге қадам басты – Айбек Дәдебай

«ӘDILET» партиясының II съезінде партия төрағасы Айбек Дәдебай ұйымның алдағы бағыты мен қабылданған шешімдердің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Партия төрағасының сөзінше, өткен съезд тек кезекті жиын емес, елдің саяси өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын айқындаған маңызды оқиға болды.

Съез барысында «ӘDILET» партиясының өңірлік филиалдарын құру туралы шешім қабылданып, олардың қызметін реттейтін ережелер бекітілді. Осылайша партияның аймақтық құрылымдарының негізі қаланды. Сонымен қатар партияның ішкі ұйымдастыру қағидалары талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, съездің басты нәтижесі – AMANAT партиясының «ӘDILET» партиясына қосылуы туралы тарихи шешімнің рәсімделуі болды.

Бұл – екі ұйымның күш біріктіруі ғана емес. Бұл – еліміздің прогрессивті, жауапты және реформашыл күштерінің ортақ мақсат жолында топтасуы. Мемлекет пен қоғам мүддесін жеке амбициялардан жоғары қоюдың жарқын үлгісі, – деді партия төрағасы.

Оның пікірінше, саяси бірігу Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық ұйысу мен жауапты саяси мәдениеттің көрінісі.

Съезд қорытындысында Айбек Дәдебай партияның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Бүгінгі съезден кейін «ӘDILET» партиясы жаңа биікке көтерілді. Біз еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін тегеурінді саяси күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның саяси тірегі ретінде бекідік, – деді ол.

Партия төрағасы ендігі негізгі міндет қабылданған шешімдерге қолдау білдірген азаматтардың сенімін ақтау екенін айтты.

Оның сөзінше, жаңа Конституция қағидалары нақты өмірде жүзеге асып, заң үстемдігі қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ әділеттілік мемлекеттік саясаттың басты ұстанымына айналып, әр азаматтың күнделікті өмірінде сезілуі тиіс.

Осы міндеттерді орындауға біздің партия өзінің сүбелі үлесін қосуға бекінді, – деп айтты Айбек Дәдебай.