QR-код арқылы партияға өтініш: "Әділет" жаңа сервисті таныстырды
Қазақстандықтар енді бірнеше минутта өтініш жолдап, бастама көтеріп немесе заң бұзушылық туралы хабарлай алады.
Қазақстандықтар небәрі бірнеше минут ішінде онлайн форматта партияға жүгіну, бастама ұсыну, қандай да бір мәселе туралы хабарлау немесе партия қатарына қосылу мүмкіндігіне ие. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әділет» партиясы өтінім қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Бұл туралы «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселесіне арналған Іскерлік кеңес алаңында мәлімдеді.
Жаңа сервис қоғамдық қабылдаулармен, жеке қабылдаулармен және жазбаша өтініштермен қатар, азаматтармен өзара байланыс орнатудың қосымша арнасына айналады. Оған партияның ресми сайты немесе бірыңғай QR-код арқылы өтуге болады.
Қазақстанның әрбір азаматы бірыңғай QR-код арқылы:
• партияның саяси бағдарламасымен таныса алады;
• партия қатарына онлайн түрде қосыла алады;
• өтініш жолдай алады; • бастама ұсына алады;
• заң бұзушылық туралы хабарлай алады;
• жәрдем сұрап жүгіне алады.
Пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін өтінімдер 26 бағыттан тұратын бірыңғай тақырыптық рубрикатор бойынша жүйеленді. Бұл бағыттар ел өмірінің барлық негізгі салаларын қамтиды. Яғни, мемлекеттік басқару, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, экономика, кәсіпкерлік, ТКШ, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, азаматтардың құқықтары және тағы басқа.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, аталған платформаның іске қосылуы еліміздің цифрлық трансформацияға бағытталған стратегиялық бағдарына толық сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан заманауи тәсілдерді, жедел шешім қабылдауды және мемлекеттік институттарды тұрақты жаңғыртуды талап ететін жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ Президент цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бұрынғыдан да жылдам әрі тиімді жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударды, - деді партия төрағасы.
Өтінім беру барысы барынша жеңілдетілген және оған небары бірнеше минут уақыт қажет. Ол үшін QR-код арқылы өту немесе партияның ресми сайтына кіру, қажетті сервисті таңдау, eGov Mobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жеке басын растау және өтінім жолдау жеткілікті.
Өтінім жолданған соң, автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Жолданған өтінім қаралғаннан кейін, оның иесі көрсетілген байланыс деректері бойынша ресми жауап алады.
Цифрлық сервистің іске қосылуы азаматтармен, бизнес өкілдерімен және сарапшылар қоғамдастығымен тұрақты кері байланыс орнатуға, келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды жедел қабылдауға, жүйелі мәселелерді анықтауға және заңнамалық әрі басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде азаматтардың бастамаларын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл қадам азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, партиямен байланысын барынша ыңғайлы, жедел әрі қолжетімді етеді.