«Әділет» партиясы өңірлердің бюджетке тәуелділігін азайтуды ұсынды
«Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Замира Кузеева партияның өңірлік даму бағытын таныстырып, Қазақстанның орнықты дамуы ең алдымен өңірлердің әлеуетіне байланысты екенін айтты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, «Қуатты Қазақстан – ең алдымен қуатты өңірлерден басталады». Сондықтан өңірлік даму саясатының басты мақсаты – әрбір азаматтың қай өңірде тұрса да сапалы қызметке қол жеткізуіне жағдай жасау.
Біздің мақсатымыз – еліміздің әрбір өңірінде өмір сүруге, еңбек етуге, кәсіп жүргізуге және сапалы қызмет алуға лайықты жағдай қалыптастыру. Өңірлік дамудың басты мәні де осында, – деді Замира Кузеева.
Ол бүгінде ішкі көші-қонның негізінен еліміздің екі ірі агломерациясына бағытталып отырғанын, ал көптеген өңірдің әлеуеті толық ашылмай жатқанын атап өтті.
Барлық өңір нақты ресурстар мен даму мүмкіндіктеріне ие болуы керек. Мықты өңірлер ғана мықты мемлекетті қалыптастырады. Олар экономикалық өсімнің, инвестиция тартудың және азаматтардың өз әлеуетін жүзеге асыратын орталықтарға айналуға тиіс, – деді партия өкілі.
Осыған байланысты партия өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігін кезең-кезеңімен азайтып, мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтуді ұсынады.
Шешімдер мәселе туындайтын жерде қабылдануы қажет. Өйткені жергілікті халықтың қажеттілігін сол өңірдің өзі жақсы біледі. Бұл жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыруға және жергілікті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Замира Кузеева ерекше назар Алатау қаласының дамуына аударылатынын айтты. Оның сөзінше, қалаға озық даму мәртебесі беріліп, еліміздегі алғашқы цифрлық қала қалыптастырылады.
Алатауда қалалық ортаны басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылып, инновациялық технологияларды енгізуге арналған арнайы құқықтық және экономикалық режим қалыптасады. Бұл тәжірибе кейін басқа өңірлер үшін де үлгі бола алады, – деді ол.
Сонымен қатар партия тұрғын үй саласын дамытуға да басымдық береді. Атап айтқанда, жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламаларды кеңейту, апатты және ескі тұрғын үй қорын жаңарту, реновация тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр.
Үлестік құрылыстың ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан үлескерлердің қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін цифрлық теңгені енгізуді қолдаймыз, – деді Замира Кузеева.
Оның айтуынша, инженерлік желілерді жаңғырту, сапалы жол салу, қоғамдық көлікті дамыту, шекара маңындағы сауда-логистикалық хабтарды құрумен қатар, ауылдық аумақтарды кешенді дамыту да партияның негізгі басымдықтарының бірі болады.