Әділет министрлігі ЛГБТ насихаты туралы заңға пікір білдірді
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Сенаттың пленарлық отырысында ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін түзетулерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні қоса алғанда, бірқатар халықаралық шарттардың қатысушысы болып саналады. Бұл құжаттар заңды негіздер болған жағдайда пікір білдіру еркіндігін шектеуге жол береді.
Халықаралық құқық пікір білдіру құқығын шектеуге мүмкіндік береді. Бірақ мұндай шектеулер міндетті түрде заңда нақты бекітіліп, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, адамгершілікті және денсаулықты қорғауға бағытталуға тиіс, – деді Ботагөз Жақселекова.
Вице-министр ЛГБТ-ға қатыстылықтың өзі құқық бұзушылық болып саналмайтынын және ол үшін Қазақстан заңнамасы бойынша да, халықаралық құқық нормалары бойынша да жауапкершілік көзделмегенін ерекше атап өтті
Бұл – құқық бұзушылық емес. Ол үшін ешқандай жауапкершілік белгіленбейді. Әңгіме тек ЛГБТ-ны насихаттау туралы, яғни жария түрде насихаттау жөнінде болып отыр, – деді ол.
Сөз соңында Ботагөз Жақселекова ұсынылып отырған нормалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға толық сәйкес келетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов аталған заңның халықаралық міндеттемелерге сай екенін мәлімдеді.