Әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатыр - Қошанов
Астанада мәслихат депутаттарының форумы басталды. Форумға қатысушылардың жалпы саны – 2500 адам. Биыл іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде форумның маңызды тұстарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін аса маңызды жиын. Мәслихаттар форумы біз үшін ең өзекті мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын дәстүрлі алаңға айналып келеді. Осы форумда алғаш рет еліміздегі алты бірдей саяси партияның өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бас қосты. Парламенттің депутаттық корпусы мен Үкімет мүшелері де түгел осында. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып отыр. Бұл – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіріп қояйық!» «AMANAT» партиясы ұйымдастырған бүгінгі форумды орталық пен аймақтардағы, барлық билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы деуге болады. Өйткені, арамызда ел-елден, ауыл-аймақтан келген халық өкілдері отыр. Бұл мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға күллі қоғамның атсалысып жатқандығының айқын көрінісі деп білемін, - деді. Мәжіліс спикері.
Қошановтың сөзінше, соңғы жылдары елімізде түбегейлі реформалар қолға алынды.
Конституциялық өзгерістердің нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл реформалар түйткілді мәселелерді шешуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өзгерді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірлерді тоғыстырған қоғамның үніне айналды. Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр. Азаматтарды алаңдатқан ең көкейкесті мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін табуда. Мысалы, халықтың несие қарызы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, лудомания, есірткіге тәуелділік, вейптер сияқты кеселдерге заңмен тосқауыл қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, осының бәрі – Өзіңіз айтып жүрген заң үстемдігі мен тәртіп қағидасының іс жүзіндегі көрінісі, - дейді ол.
Ерлан Қошанов әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатқанын айтады.
Оң өзгерістерді қоғам шынайы сезініп отыр. Осы ретте, Сіздің бастамаңызбен бірқатар маңызды заң қабылданды. Соның нәтижесінде қолды болған активтер, заңсыз шетел асқан қаражат қайтарылуда. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жемісін әр бала, әр отбасы көре бастады. «Бұдан бөлек, нағыз еңбек адамдарына деген көзқарас өзгерді, қолдау күшейді. Бір ғана мысал, зиянды өндірісте жұмыс істейтін еңбеккерлердің зейнет жасы төмендетілді. Бұл шахтада, карьерлерде, металлургиялық цехтарда зиянды әрі қауіпті жұмыс істеп жүрген жүз мыңдаған жұмысшыны қамтыды. Сіз жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» осындай игі істерден басталғалы отыр, - дейді Қошанов.
Мәжіліс төрағасы заңнамалық жұмыстардың жаңа бағдары қазақ парламентаризмінің дамуындағы бір белеске айналды дейді.
Заң шығару ісінде пікір алуандығы мен идеялардың шынайы бәсекесіне басымдық беріліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті ретінде қабылдайды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы ұсынған «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нақты нәтижесі. Осы алгоритм аймақтық деңгейде тиімді жұмыс істейтін болса, қордаланған мәселелердің көбін жергілікті жердің өзінде-ақ шешуге қол жеткіземіз, - дейді ол.