Әділбек Қаба: Қазақ тілін әлемдік тіл оқыту платформаларына енгізу жұмыстары жүргізілуде
нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Қазақстан халқын мемлекеттік тіл мерекесімен құттықтады.
Барша әлеуметті, тілші ғалымдарды, өңірлік тіл басқармаларындағы әріптестер мен тіл орталықтарының оқытушыларын, жалпы тіл жанашырларын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - 5 қыркүйекте аталып өтетін Тіл мерекесімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың ұйысуының басты факторы болып табылатын тіл саясатына қатысты бірқатар міндеттерді атап өтті. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» - деді Қ.К.Тоқаев Жолдауында - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ол бүгінде қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналғанын айтты.
Өздеріңізге белгілі, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Тіл саясаты комитеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрамына енгізілген болатын. Соған байланысты Комитет жұмысы жаңа жүйеге сәйкес ұйымдастырылып, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Тіл мерекесі аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тіл саласы өкілдерімен онлайн форматта жиын өткізді. Кездесудің күн тәртібіне Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы мемлекеттік тіл мәселесі арқау болды. Министр қатысушыларды мерекемен құттықтай отырып, үздіксіз білім беру моделі арқылы мектептен бастап ересек адамдарға дейін тіл үйретудің сапасын арттырып, өзара сабақтастықты сақтау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ тіл саясатын тиімді іске асыру жолдарына тоқталды - деді комитет төрағасы.
Елімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінгі күнде министрлікке тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақ тіліндегі оқулықтардың, оқу құралдарының мазмұнын жаңарту, олардың жеткілікті қорын толықтыру, ұлттық терминологияны жүйелеу, латын әліпбиін және оның емлесін жетілдіру, қазақ тілін оқыту бойынша сапалы мобильді қосымшалар әзірлеу, тағы да басқа ауқымды міндеттері қойылып, жүзеге асырылуда. Өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтары арқылы жылына 30 мыңнан аса адам қазақ тіліне тегін оқытылуда - дейді Әділбек Қаба.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы мәселесін атап өтті.
Бұл ретте республикалық этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде этнос өкілдері мемлекеттік және этнос тілдерін меңгеруде. Шетелдегі қандастырымыз үшін де жағдай жасалып отыр. Ол үшін былтыр «Абай институты» ашық білім беру порталы іске қосылып, бүгінде қазақ тілін жерлестерімізбен бірге шетелдік азаматтар да оқуда. Қазақ тілін әлемдік тіл оқыту платформаларына енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі 23 млн тіл үйренушісі бар «LinguaLeo» білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курстарын енгізу бойынша келіссөздер жүргізіліп, контент жинақталуда - дейді төраға.
Сондай-ақ бүгінде «Қазақ тілі ұлттық корпусы» цифрлендірілген мәтіндер базасын құру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жұмыс арқылы тілдің лексикасы мен грамматикасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, түрлі кезеңдерде тілде болып жатқан тілдік өзгерістердің үрдістерін тіркеу мүмкіндігі ашылмақ. «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлері қазақ тілін білу деңгейлерін растауда. Мемлекеттің идеология саласындағы маңызды міндеттерінің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Тіл комитеті бұл бағытта да жоспарлы негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Тілді дамытуда және оның қолданыс аясын кеңейту тұрғысында Тілші ғалымдардың, өңірлердегі тіл басқармалары мен оқытушылардың еңбектері ерекше. Осы орайда Қазақстан Республикасы Тілдер күні аясында тіл саласына қосқан еңбектері үшін бір топ азаматтар Білім және ғылым министрінің және Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталғандарын атап өткен жөн. Мереке құтты, тіліміз мәңгі болсын! - деді ол өз жазбасында.