Әділ Ахметовтің бірқатар еңбегі таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Халықаралық Түркі академиясының және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовтің бірнеше жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.
Жаңа кітаптарды таныстыру рәсімін кіріспе сөзбен ашқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Ә. Ахметовтың отандық ғылымның дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтті.
Жиын барысында Әділ Аметовтың «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары», «Уроки столетия» және «Бұрынғы америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» атты ғылыми еңбектері таныстырылды.
Халықарлық Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты монографияда автор түркі халықтарының түрлі тыйымдары мен тыйымдық қағидаларға негізделген жосын-жоралғыларын, әдеп рәсімдерін жан-жақты сараптап, тыйымдық ұғымдардың түсіндірме сөздігін ұсынған. Ал «Уроки столетия» кітабына жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті мен егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын айшықтайтын сараптамалық мақалалары топтастырылған.
Сонымен қатар, ғалымның «Бұрынғы америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» атты кітабында алғашқы америкалықтардың арғы тегі ғана емес, мәдениеті де Еуразия кеңістігімен, соның ішінде Орталық Азия аймағымен сабақтас деген батыл тұжырымдар жасалған.